Өскемен қаласында Еңбек күні мен Жұмысшы мамандықтары жылы аясында ауқымды іс-шара өтті. Қаланың әкімі Алмат Ақышов аталған жиын барысында өңірдің өркендеуіне үлес қосып жүрген белсенді еңбек иелерін марапаттады, деп хабарлайды F16.kz.
Қала басшысы өз сөзінде ел дамуы жолында маңдай терін төгіп жүрген еңбек адамдары мен жас буын өкілдеріне ризашылығын білдірді. Олардың кәсіби жолы мен жетістіктері болашақ ұрпаққа өнеге болуға тиіс екенін атап өтті.
Бұл кездесуге еңбек мәдениетін қалыптастырып, жастарға үлгі бола алатын білікті мамандар қатысып отыр. Көлік, ауыл шаруашылығы және коммуналдық салада қызмет етіп жүрген жандардың кәсіби шеберлігі өңіріміздің өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Бүгінде біз жоғары технология мен жасанды интеллект дәуірінде өмір сүріп жатырмыз. Сіздердің алдағы басты міндет – уақыт талабына сай дамып, жаңа білім мен дағдыларды меңгеру, болашақ мамандықтарға бейімделу. Адамды өзгеден ерекшелендіретін – оның ақылы мен адал еңбегі. Сондықтан білімді де еңбекқор болыңыздар, – деді әкім Алмат Ақышов.
200 СТУДЕНТ ЖАҢА МАМАНДЫҚТАР БОЙЫНША ОҚЫП ЖАТЫР
ENBEKQOR ÖSKEMEN атты дөңгелек үстел отырысына түрлі сала мамандары қатысты. Солардың бірі – Шығыс Қазақстан облысы кәсіптік білім беру орталығының директоры Гүлжан Елемесова. Ол «Колледждердегі жұмысшы мамандықтары: табысты мансапқа жол» тақырыбында баяндама жасап, техникалық мамандықтардың маңызына тоқталды.

Оның айтуынша, Мемлекет басшысы жариялаған Жұмысшы мамандықтары жылы шеңберінде еліміз бойынша көптеген маңызды бастама жүзеге асырылып жатыр. Атап айтқанда, техникалық және кәсіптік білім беру жүйесіне сұраныс артып келеді. Биылдың өзінде аталған бағытқа 7130 білім гранты бөлінген. Бұл – жұмысшы кадрларды даярлауға жасалып отырған үлкен қолдау.
Бүгінде колледждер мен кәсіпорындар арасындағы ынтымақтастық артып, сұранысқа сай мамандар даярлануда. Осы мақсатта биыл 980 орын қарастырылды. Облыс әкімдігімен бірлесе отырып арнайы жұмыс жоспары бекітіліп, түрлі бағыттағы шаралар қолға алынды. Соның аясында бес колледжде жаңа мамандықтар ашылды. Олардың қатарында әуе көлігімен тасымалдау, су техникасы және ұшқышсыз басқарылатын аппараттар бойынша оқыту бағыттары бар. Қазіргі таңда осы жаңа салалар бойынша 200-ден астам студент білім алып жатыр, – деді Гүлжан Елемесова.
ЖАСТАРДЫ АЛҒА ЖЕТЕЛЕЙДІ
Сондай-ақ жиын барысында «Казцинк» ЖШС зерттеу орталығының жетекші маманы Айдана Алпысова сөз сөйлеп, жұмысшы мамандықтарының мәртебесі артып келе жатқанын ерекше атап өтті.
Мұндай кездесулердің мәні зор. Себебі қарапайым жұмысшылардың еңбегі еленіп, қоғам тарапынан лайықты бағаланып жатыр. Бұл жастарды алға жетелейді, – деді ол.
Іс-шара соңында түрлі салада үздік деп танылған қызметкерлерге қала әкімі Алмат Ақышов арнайы алғыс хаттар мен марапаттар табыстады. Сонымен қатар қатысушылар жұмысшы мамандықтарына арналған заманауи көрмені тамашалады. Айта кетейік, көрме мазмұны QR кодтар арқылы цифрлық ақпаратпен толықтырылған.




