12-20 маусым аралығында Қара Ертіс өзенінің жоғарғы бөлігінде, Боран ауылы маңындағы көпір тұсында сібір бекіресінің шабақтарын жіберу жұмыстары жүргізілді, деп хабарлайды F16.kz.
Аталған аймақта балықтың санын қалпына келтіру үшін жыл бойы балық аулауға тыйым салынған. Сондай-ақ ерекше қорғауды қажет ететін сібір бекіресін мақсатында Ертіске бір және екі жылдық шабақтар жіберілді.
Жұмысты жүргізіп жатқан «Ost Fish» кәсіпорны шабақтарды арнайы жабдықталған балық тасымалдайтын екі көлікпен тасымалдаған.
Ертіске бейімделетініне сенімдіміз. Мұндай жұмыстар алдағы уақытта жалғасын табады, — дейді кәсіпорын басшысы.
Мамандардың айтуынша, бекіре — «Қызыл кітапқа» енген балық. Гидроэлектростанциялар салынған уақытта балықтың уылдырық шашатын аумақтары азайып кеткен. Соның салдарынан бекіре саны күрт төмендеген.
Соңғы жылдары өңірдегі балық питомниктері сібір бекіресін жақсы нәтижелер көрсетіп отыр. Биыл жалпы 50 мың біржасар және 11 мыңнан астам екіжасар бекіре жіберу жоспарланған.
Шараға Зайсан-Ертіс аймақаралық балық шаруашылығы бассейндік инспекциясы да белсене атсалысты.
Қара Ертіс – сібір бекіресінің тарихи мекені. Сондықтан бұл өзенге ерекше мән беріледі. Соңғы үш жылда сібір бекіресімен тұрақты түрде балықтандыру жұмыстары жүргізіліп келеді, – дейді ШҚО табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасы басшысының орынбасары Мерхат Амиров.
Бекіре шабақтарын өзенге жіберу жұмыстарына жергілікті тұрғындар мен балалар да қатысып, бұл экологиялық шараға ерекше көңіл бөлді.