Шығыс Қазақстанда биыл екі әуежай құрылысы басталды. Оның бірі Зайсан ауданында болса, екіншісі әсем табиғатымен ерекшеленетін Катонқарағай ауданында бой көтереді, деп хабарлайды F16.kz.
Катонқарағай ауданында соңғы жылдары туризм саласы қарқын алып келеді. Аудан әкімінің айтуынша, биыл 200 мыңнан астам турист қабылдау жоспарланған. Ол үшін 97 туристік нысан жұмыс жасап тұр.
Жоспар бойынша әуежай құрылысы биыл аяқталуға тиіс. Әуежай сағатына 150 жолаушыға қызмет көрсете алады. Облыс басшылығы өңірдің туристік әлеуетін толық пайдалану үшін құрылыс жұмыстарын барынша тез арада аяқтауды тапсырған. Егер нысан өз жұмысын уақытылы бастаса Катонқарағай ауданына келетін туристер салы әлдеқайда артатыны анық.
Катонқарағайдан Астана, Алматы, Өскемен, Семей қалаларына ішкі рейстер, сондай-ақ Қытай (Канас) мен Моңғолияның (Баян-Өлгий) аймағына халықаралық бағыттар ашу жоспарланып отыр, — деді аудан әкімі Данияр Дүйсембаев Өңірлік коммуникациялар қызметі алаңында өткен баспасөз брифингінде.
Айта кетейік, жаңа әуежай аудан орталығынан 24 шақырым жерде салынып жатыр.