Бүгін, Д.Серікбаев атындағы Шығыс Қазақстан техникалық университеті базасында «Ғылым мен білім: Қазақстан мен Германияның серіктестігі» атты Қазақстан-Германия апталығы басталды. Іс-шараның алғашқы күні екі елдің жеті жоғары оқу орнын біріктірген халықаралық консорциум құрылып, Александр Гумбольдт атындағы Тұрақты даму орталығы ашылды, – деп хабарлайды F16.kz.
Жаңадан құрылған консорциум тау-кен, металлургия, жер туралы ғылымдар, энергия үнемдеу және экология бағыттарында зерттеулер жүргізіп, академиялық және технологиялық тәжірибе алмасуды көздейді. Әсіресе сирек кездесетін металдарды зерттеуге ерекше көңіл бөлінбек. Бұл ресурстар электронды техникадан бастап жасыл энергетика мен қорғаныс өнеркәсібіне дейін кеңінен қолданылады.
Консорциум құрамына Қазақстаннан – ШҚТУ және Қазақстан-Неміс университеті, ал Германиядан – Рур университеті (Бохум), Фрайберг, Клаусталь, Дортмунд және Дуйсбург-Эссен техникалық университеттері енді.
ШҚО әкімі Нұрымбет Сақтағанов бұл серіктестікті өңір ғылымы мен өндірісін дамытудағы маңызды кезең деп атады. Оның айтуынша, Германияның тәжірибесі мен технологиясы ШҚТУ-ға және облысқа жаңа білім беру стандарттарын енгізуге мүмкіндік береді.
Бұл ынтымақтастық Президент Жолдауында көрсетілген индустриялық саясат бағыттарына толық сай келеді. Өңіріміз үшін жоғары технологиялық жобалардың маңызы ерекше. Осы ретте, Тұғыл ауылында салынуы жоспарланған тау-кен байыту комбинатын, «Alatau Lithium» және «Creada Corporation» компанияларының жобаларын атап өткен жөн, – деді Нұрымбет Сақтағанов.
Университет ректоры Сауле Рахметуллина бірнеше жылдан бері осы серіктестікті қалыптастыру жолында жұмыс жүргізілгенін айтып, консорциум шеңберінде ғылыми жобалар, жазғы мектептер, конференциялар және білім бағдарламалары бірлесе іске асырылатынын жеткізді. Бұған DAAD, DENA, Гете институты және басқа да беделді халықаралық ұйымдар қолдау білдіріп отыр.
Бағдарлама аясында ашылған пәнаралық орталық тұрақты даму саласында инновациялық зерттеулер мен халықаралық байланыстарды кеңейтуді мақсат етеді. Бұл бастама Қазақстанның Германиядағы елшісі Нұрлан Онжановтың қолдауымен іске асты.
Германияның Қазақстандағы елшісі Моника Иверсен бұл серіктестікті екі ел арасындағы білім мен ғылым саласындағы ынтымақтастықтың жаңа белесі ретінде бағалап, өзара әріптестік үлкен нәтижелер беретініне сенім білдірді.




