Әлем елдерінің туларын тану, салыстыру және бағалау форматында өтетін Flags of the World Tournament онлайн турнирінде Қазақстанның көк байрағы ең үздік мемлекеттік рәміз атанды, деп хабарлайды F16.kz порталы «Қазақпарат» халықаралық агенттігіне сілтеме жасап.
Онлайн байқауда қолданушылар мемлекеттік тулардың әсемдігіне мән берді.
Қазақстан – чемпион! Баршаңыз дауыс беріп, әлемдегі ең үздік ту деп шештіңіздер! – делінген жарияланымда.
Екінші орынға Кирибати туы, үшінші орынға Бутан байрағы лайық деп танылды.
Турнирде 64 елдің туы қаралды. Әр раундта байрақтар дауыс беру арқылы келесі кезеңге өтіп отырды. Белгілі бір деңгейде дауыс жинамағандар шығып қалды. Алтыншы раундта, яғни финалда Қазақстан байрағы Кирибати рәмізінен басым түсті.
Сондай-ақ Сейшель аралдарының, Ұлыбританияның, Бразилияның, Шри-Ланканың, Ямайканың және Папуа — Жаңа Гвинеяның тулары да жақсы дауыс жинап, соңғы раундтарға дейін жетті.




