Қазақстан аумағында такси қызметін жүзеге асыратын тасымалдаушыларға қатысты хабарлама беру тәртібі жаңартылды, деп хабарлайды F16.kz.
Жаңа талаптарға сәйкес, енді такси тасымалымен айналысатын азаматтар немесе компаниялар қызметін бастамас бұрын жергілікті атқарушы органдарға алдын ала хабарлама жолдауға тиіс. Сонымен бірге құжаттың жаңартылған нұсқасында автокөлік ауыстырылған жағдайда немесе автопаркке жаңа көлік енгізілген кезде тиісті өзгерістерді рәсімдеу мүмкіндігі қарастырылған.
Министрлік өкілдерінің түсіндіруінше, бұған дейінгі ережеде тасымалдаушы нақты бір көлік құралына тіркелмейтін. Соның салдарынан жол-көлік оқиғалары болып, жолаушыларға немесе өзге азаматтарға залал келтірілген жағдайда жауапты тұлғаны анықтау қиындық туғызған. Осыған байланысты хабарлама нысанына көлік туралы қосымша мәлімет енгізілді. Атап айтқанда, енді такси ретінде пайдаланылатын автокөліктің маркасы, мемлекеттік тіркеу нөмірі және шығарылған жылы көрсетілуі қажет.
Тиісті өзгерістер «Мемлекеттік органдардың хабарламалар нысандарын және хабарламаларды қабылдау қағидаларын бекіту туралы, сондай-ақ хабарламаларды қабылдауды жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды айқындау туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 6 қаңтардағы №4 бұйрығы құжатына енгізілді.
Ведомство мәліметінше, бұл жаңашылдық жолаушылар тасымалы саласындағы қауіпсіздікті күшейтуге бағытталған. Жаңа талаптар арқылы заңсыз жұмыс істейтін тасымалдаушылардың үлесін азайтып, қажет жағдайда жауапты такси иесін немесе компанияны жедел анықтауға мүмкіндік туады.




