Ұлттық статистика бюросы еліміздің жылжымайтын мүлік нарығына қатысты жаңартылған деректерді жария етті. Ресми мәліметке сүйенсек, кейінгі 12 айда жаңа баспананың бағасы – 9,5%-ға, қайталама нарықтағы тұрғын үй бағасы 6,7%-ға өскен. Пәтерді жалға беру ақысы да 9,4%-ға артқан, деп хабарлайды F16.kz.
Сонымен қатар Ұлттық статистика бюросы биылғы жаз басталғалы баспана сатып алу-сату келісімдерінің саны азайғанын көрсетеді. Мәселен, маусым айында елімізде 33 273 мәміле жасалған. Оның ішінде 7844-і – жеке тұрғын үйлерге, ал 25 429-ы – пәтерлерге тиесілі.
Биылғы мамыр айындағы көрсеткішпен салыстырғанда (33 986 мәміле) маусымда сауда-саттық көлемі 2,1%-ға төмендеген. Жасалған мәмілелер саны бойынша Алматы қаласы көш бастап тұр – 6 628 келісім (19,9%), одан кейінгі сатыда Астана мен Қарағанды қалалары орналасқан. Ал көш соңында Ұлытау облысы жайғасқан.
2025 жылғы маусым айында тұрғын үйді сатып алу-сату бойынша тіркелген мәмілелер саны былтырғы маусымымен салыстырғанда 1%-ға артқан.
Сонымен қатар статистика бюросы биылғы қаңтар-маусым айларында тұрғын үй сату көлемі былтырғы осы кезеңімен салыстырғанда 4,3%-ға өскенін хабарлады.




