Қазақстан мен Қытай арасындағы жүк тасымалы енді жаңа деңгейге көтеріледі. Екі елдің Көлік министрліктері өкілдері 5-6 қараша күндері «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығында кездесу өткізіп, маңызды шешімдерге келді, деп хабарлайды F16.kz.
Басты жаңалық – 2026 жылдан бастап Қытайға баратын қазақстандық көліктерге рұқсат шектеусіз беріледі. Яғни, бұрынғыдай квота немесе шектеулі бланкілер қажет болмайды. Электронды кезек жүйесі арқылы өтетін көліктер, егер бұған дейін Қытай заңнамасын бұзбаса, рұқсатты автоматты түрде ала алады.
Қазақстан Көлік министрлігі баспасөз қызметінің мәліметінше, қазірдің өзінде екі ел тасымалдаушылары арасындағы байланыс қарқынды дамып келеді: 2024 жылы қазақстандық компаниялар 228 мың рұқсат бланкін пайдаланса, биылғы жыл басынан бері 230 мыңнан астам рұқсат берілген. Ал «Қорғас» кеден бекеті арқылы жүк айналымы жыл басынан бергі алты айда 20 млн тоннадан асып отыр.
Келісім аясында Қытай тарапы 6-12 қараша аралығында Қазақстанға қосымша 15 мың рұқсат бланкін береді. Бұл тасымалдаушылардың нақты қажеттілігін анықтап, болашақта рұқсатты күн сайын беру жүйесін енгізуге негіз болады.
Жаңа келісім – екі ел арасындағы сауда мен логистиканы жеңілдетіп, шекаралық тасымалдарды бұрынғыдан да тиімді ететін маңызды қадам.




