Биылғы 6 мамырда Өскеменде Отан қорғаушылар күніне орай «Жігіт сұлтаны – 2026: Жігер. Намыс. Рух» облыстық байқауы өтеді. Шығыс Қазақстан облысының Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы мұрындық болған сайыстың іріктеу кезеңі басталды, деп хабарлайды F16.kz.
Байқаудың мақсаты – қазіргі заманға сай ер жігіттің үлгісін көрсету, жастар арасында патриоттық рухты нығайту, ұлттық құндылықтарды дәріптеу және этносаралық келісімді бекіте түсу. Жалпы, байқауға өңіріміздің 18 бен 22 жас аралығындағы жігіттері қатыса алады. Үміткерлер өнер, білім, спорт сайыстарында бақ сынап, өздерінің тапқырлығы мен талантын, күш-жігерін, білім-білігі мен шығармашылық қабілетін паш етеді. Олардың алғашқы легі бүгін іріктеуге келіп, қазылардың лайықты бағасын алды, – деді Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығы директорының орынбасары Азамат Сейтханұлы.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, байқау іріктеу кезеңі 20-24 сәуір аралығында Достық үйі – Қоғамдық келісім орталығында офлайн форматта өтті. Онда қатысушылар өзін таныстырып, қандай өнері бар екенін көрсетті. Қазылар алқасының қойған сұрақтарына жауап берді. Нәтижесінде 6 мамырда өтетін шешуші сайыста өнер көрсететін сайыпқырандардың бір тобы анықталды.
Бүгінгі іріктеу кезеңінде бар өнерімді салып, жоғары баға алуға тырыстым. Финалға жолдама алдым деп ойлаймын. Қатысушылардың бәрі де мықты екен, бірінен-бірі өткен талантты жігіттер. Десек те мен өзіме сенімдімін, Шығыстың жігіт сұлтаны болуға барымды саламын, – деді байқауға қатысушы Өскемендегі стоматология колледжінің студенті Ғибрат Нұрмұхаммет.
Айта кетейік, байқау шарты бойынша қатысушылар ұзақтығы 1,5 минуттан аспайтын өзін таныстыру бейнеролигін әзірлеп, оны Instagram желісіндегі assembly_shko және shygys.info парақшаларында 25–30 сәуір аралығында жариялайды. Ал олардың жанкүйерлері мен көпшілік қауым өзі қалаған, өнерін жоғары бағалаған үміткерге лүпіл басып, пікір жазып қалдыруы керек.




