Өскеменде полиция қызметкерлері көлік жуатын ғимараттың екінші қабатын паналап отырған отбасының баласын арнайы мекемеге алып кетті, деп хабарлайды F16.kz.
«Тұрмыс» жедел-алдын алу іс-шарасы аясында жүргізілген рейд кезінде тәртіп сақшылары ішімдік ішетін ата-анасымен бірге көлік жуатын нысанның екінші қабатында тұрып жатқан 9 жасар қызды анықтады. Тексере келе отбасының тұрғылықты тіркеуі жоқ екені белгілі болды, ал аядай бөлмеде ешқандай жағдай жасалмаған. Дәретхана да, жуынатын бөлме де жоқ.
Полиция қызметкерлері іске араласып, баланың ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды және профилактикалық есепке қойылды. Қыз бала мамандардың тиісті қолдауын алу үшін уақытша бейімдеу орталығына тапсырылды, – деп хабарлады ШҚО полиция департаменті.
Енді ата-анасы қызын қайтарып алу үшін алдымен ішімдікті қойып, баласымен бірге тұратын жайлы баспана табуы керек.
Естеріңізге сала кетейік, 17-21 қараша аралығында Өскеменде «Тұрмыс» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. Мақсат – отбасылық-тұрмыстық қатынастардағы құқықбұзушылықтарды анықтау және олардың алдын алу, сондай-ақ жәбірленушілерге дер кезінде көмек көрсету.
Жыл басынан бері өңірде отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қатысты 146 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелді. Бұл көрсеткіш былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 27%-ға жоғары.




