Самар ауданындағы Құлынжон ауылында Qulynzhon Mektebi мектебінің 60 жылдығына орай жаңа интернат пен спорт кешені пайдалануға берілді. Мерейтой аясында аудандық денсаулық сақтау жүйесін жаңғырту бағдарламасы да бастау алды, деп хабарлайды F16.kz.
Салтанатты шараларға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов пен меценат Айдын Рахымбаев қатысты.
Жаңа нысандар Құлынжон және ауданның басқа да ауылдарындағы оқушыларға жаңаша мүмкіндік береді. Интернатта шалғай елді мекендерден келетін балалардың тұруына қолайлы жағдай жасалса, спорт кешенінде оқушылардың тұрақты түрде дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік бар.
Оқушыларды, ұстаздар мен ата-аналарды құттықтаған Нұрымбет Сақтағанов ауыл мектептерін дамыту Мемлекет басшысы алға қойған балаларға сапалы білім алуға тең мүмкіндік жасау міндетін жүзеге асыруға ықпал ететінін атап өтті.
Ата-ана баласының ауылда да сапалы білім алып, қауіпсіз жағдайда өмір сүріп, сүйікті спорт түрімен айналысатынына сенімді болуы керек. Жаңа интернат пен спорт кешені дәл осындай мүмкіндіктер береді. Ауыл балаларының өз қабілеттерін дамытуы үшін таңдау мүмкіндігі мен кеңістігі болғаны біз үшін маңызды. Туған ауылына деген жанашырлығы және тұрғындарға талай жыл қызмет ететін жобаларды жүзеге асырып келе жатқаны үшін Айдын Рахымбаевқа алғыс білдіремін, – деді облыс әкімі.
Qulynzhon Mektebi 60 жыл бойы ауыл тұрғындарының бірнеше буынын біріктіріп келеді.
Мен өзім туып-өскен ауданның балалары кезінде бізде болмаған мүмкіндіктерге ие болғанын қалаймын. Біздің мақсатымыз — жай ғана инфрақұрылым салу емес, жерлестерімізге, оқушыларға, мұғалімдерге және ауданның барлық тұрғындарына дамуға мүмкіндік жасау, — деді Айдын Рахымбаев.
Самар ауданындағы медициналық желіні жаңғырту бағдарламасы алдағы екі жылға жоспарланған. Бағдарлама аясында орталық аурухананы, фельдшерлік-акушерлік және медициналық пункттерді жөндеу көзделген. Ауданға алғаш рет компьютерлік томограф пен реанимобиль сатып алу жоспарланып отыр. Сондай-ақ медициналық ұйымдарды Starlink интернетіне қосу арқылы еліміздің жетекші дәрігерлерімен онлайн кеңес алу мүмкіндігін кеңейту көзделуде.
Айдын Рахымбаев туған өлкені дамытуға шамамен 11 млн доллар бөлген. Бұл қаражат бұған дейін іске асырылған білім беру жобалары мен денсаулық сақтау жүйесін жаңғыртуға арналған ұзақ мерзімді бағдарламаны қамтиды.
Облыс әкімі ауыл мектептерін дамыту және балаларға заманауи жағдай жасау өңір әкімдігінің жұмысындағы басым бағыттардың бірі болып қала беретінін атап өтті.




