Парламент Сенатының төрағасы Мәулен Әшімбаев Алматы қаласына жұмыс сапарымен барып, мәслихат депутаттарымен, қоғам өкілдерімен, этномәдени бірлестіктер мүшелерімен және белсенді жастармен кездесті. Кездесулер барысында жаңа Конституция жобасының мазмұны мен алдағы республикалық референдумға дайындық мәселелері талқыланды.
Жиында Сенат Төрағасы конституциялық реформа Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бастамашы болған ауқымды жаңғыртулардың жалғасы екенін атап өтті. Оның айтуынша, бұл өзгерістер әділеттілікке, заң үстемдігіне және биліктің халық алдындағы жауапкершілігіне негізделген.
Президенттің бастамасымен еліміздің барлық саласында жаңғырту жұмыстары жүріп жатыр. Жаңа Конституция – сол өзгерістердің заңды жалғасы. Құжат республикалық референдумға шығарылды. 15 наурызда азаматтар өз таңдауын жасайды. Бұл – саяси жүйені демократияландыру жолындағы маңызды қадам. Жаңа Ата Заңда мемлекетті нығайтуға, тәуелсіздікті күшейтуге және халықтың өмір сапасын арттыруға ерекше мән берілген, – деді Мәулен Әшімбаев.
Сондай-ақ ол жаңа Конституция «Әділетті Қазақстан» идеясын жүзеге асырудың құқықтық негізін қалыптастыратынын айтты. Құжатта адам құқықтары мен бостандықтары ең жоғары құндылық ретінде бекітіледі. Бұл қағида мемлекеттік жүйенің басты тірегіне айналмақ.
Сенат төрағасы жаңа Конституцияны тарихи маңызы бар құжат деп бағалап, оның елдің тұрақты және қауіпсіз дамуына негіз болатынын жеткізді. Оның пікірінше, бұл қадам Қазақстанның ішкі сұраныстар мен сыртқы сын-қатерлерге дер кезінде жауап беруіне мүмкіндік береді.
Кездесу барысында сарапшылар мен талдау орталықтарының өкілдері де өз ұсыныстарын айтып, алдағы референдум аясындағы бірлескен жұмыстар жөнінде пікір алмасты.
Сапар аясында Мәулен Әшімбаев Абай атындағы республикалық мектептің материалдық-техникалық базасымен танысты. Ондағы БҰҰ кабинеті мен мектеп музейінің жұмысын көрді. Сонымен қатар қалалық кітапхана ұжымымен және жастармен кездесті.
Бұдан бөлек, сенаторлар Yandex Qazaqstan кеңсесіне барып, еліміздегі цифрландыру үдерісін дамыту мәселелерін талқылады.




