Мемлекет басшысы журналистік қоғамдастық өкілдерін алдағы кәсіби мереке – Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күнімен құттықтап, олардың қоғамдағы рөлін жоғары бағалады, деп хабарлайды F16.kz.
Ақордада ел Президенті БАҚ өкілдерін марапаттады. Шығыс Қазақстан облыстық «Менің өлкем» газетінің және Buqara.kz сайтының бас редакторы Талғатжан Мұхамадиев Мемлекет басшысының қолынан «Шапағат медалін алды.
Талғатжан Мұхаметбекұлы С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетін журналистика мамандығы бойынша тәмамдаған.
Еңбек жолын 2015 жылы ШҚО «Алдаспан» газетінде тілшісі болып бастаған. Облыстық «Менің өлкем» газетінде журналист, республикалық «Жас қазақ», «Заң» басылымдарында Шығыс Қазақстан облысы бойынша меншікті тілшісі қызметін атқарды. Қазір ол Buqara.kz сайтының және «Менің өлкем» газетінің бас редакторы болып істейді.
Оның сараптамалық мақалалары, сұхбаттары және жолсапар очерктері оқырмандардың жоғары бағасына ие болды. Біз әріптесімізге сарқылмас шығармашылық қуат, толағай табыс тілейміз.