Мерзімді әскери қызметін өтеп келген азаматтарға мемлекет тарапынан бірқатар әлеуметтік қолдау шарасы қарастырылған. Соның бірі – былтырдан бастап сарбаздарға еліміздің жоғары оқу орындарында білімін жалғастыруға берілетін арнайы гранттар. Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Шығыс Қазақстан облысының қорғаныс істері жөніндегі департаменті бастығының тәрбие және идеологиялық жұмыстар жөніндегі орынбасары Қазбек Ахметов мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
80 жоғары оқу орнымен келісім жасалған
Қазақстан Республикасының Қорғаныс министрлігі еліміздің 80 жоғары оқу орнымен келісімге келіп, мерзімді әскери қызметті өткерген жастарға мемлекеттік қаражат есебінен білім алу мүмкіндігін ұсынды. Бұл бастама әскер қатарында болған азаматтардың кәсіби дамуына және болашақ мансабын жоспарлауына жол ашады.
Несие жеңілдіктері
Әскери борышын өтеген азаматтарға қаржылық қолдау да қарастырылған. Атап айтқанда:
- несиені 14 айға дейін шегеру мүмкіндігі беріледі;
- әскерден кейін қарызды өтеуді бастау үшін қосымша 2 ай мерзім қарастырылған.
Бұл шаралар жас қазақстандықтардың әскерден кейін әлеуметтік бейімделуін жеңілдетуге көмектеседі.
Мемлекеттік қолдау тетіктері Отан алдындағы борышын өтеген азаматтарды ынталандыруға және олардың білім мен мансап жолындағы мүмкіндіктерін кеңейтуге негізделген.




