Абай атындағы Қазақ ұлттық опера және балет театрында Петр Чайковскийдің мерейтойына арналған гала-концерт өтті. Театр сахнасында композитор туындыларын операның жетекші солистері, симфониялық оркестр мен хор сүйемелімен шырқады, деп хабарлайды F16.kz.
Мәдениет және ақпарат министрлігінің мәліметінше, осы кеште көрермен «Пиковая дама», «Евгений Онегин», «Иоланта», «Чародейка» операларынан ариялар, көріністер мен дуэттер, «Москва» кантатасындағы жауынгердің ариозосын және балет классикасынан үзінділер тыңдады. Кеште Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Нұржан Байбосынов дирижерлік етті. Концертке Қазақстанның халық әртісі Жәмилә Баспақова, еліміздің еңбек сіңірген қайраткері Гүлзат Даурбаева, Дина Хамзина, Олег Татамиров, театрдың жетекші опера солистері, симфониялық оркестр мен хор қатысты.
Биыл көрнекті композитор, педагог, дирижер Петр Чайковскийдің туғанына 185 жыл толады. Ол көзі тірісінде-ақ әлемдегі ең танымал композитордың бірі болды және көпшіліктің ықыласына бөленді. Әлемдік музыка тарихында Чайковскийдің есімі он опера, үш балет, жеті симфония, камералық және шіркеу музыкасы, романс, концерттер мен сюиттердің авторы ретінде мәңгілікке қалады.
Фото: Мәдениет және ақпарат министрлігі