Бірінші қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысы аумағында тұрақтандыру қорының өнімдері сатылып жатыр. Ондағы мақсат – халықты сапалы, бағасы нарықтағыдан төмен жергілікті азық-түлік өнімдерімен қамтамасыз ету, деп хабарлайды F16.kz.
«Ертіс» ӘКК мәліметіне сүйенсек, жергілікті тауар өндірушілермен жасалған меморандумдар нәтижесінде қазір тұрақтандыру қорының қоймасында 6080 тонна картоп, 1459 тонна қырыққабат, 1398 тонна сәбіз, 973 тонна пияз бар.
Бұл өнімдердің барлығы нарықтағы орташа бағадан 10-15 пайыз төмен сатылады, – деп хабарлады «Ертіс» ӘКК.
Жергілікті жерде өсірілген сапалы әрі арзан бағадағы көкөністер Өскеменнің аудандарында орналасқан тұрақтандыру қорының 14 дүңгіршегінде, 12 серіктес дүкенде сатылады.
Сонымен қатар тұрғындарды бағасы нарықтағыдан төмен азық-түлікпен қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығында сенбі сайын жәрмеңке өтеді. Бұрын бір жерде – «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында ғана болатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі өткен сенбіден бастап қаланың бірнеше ауданында ұйымдастырыла бастады. Атап айтқанда, «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығы (Жібек жолы көш., 44), «ДосНар» СҮ (Виноградов көш., 17), Теміржолшылар саябағы (Защита ауд. Тынышпаев көш., 122), «Керуен» СҮ (ЖМК ауд. Өтепов көш., 3) сауда орындары қамтылды. Енді қала тұрғындары мен қонақтары арзан ет пен сүтті, бал, балық, көкөніс және бақша өнімдерін қаланың әр жерінен сатып ала алады.




