Қаладағы супермаркеттердің бірінен бірнеше рет алкоголь өнімдері мен гигиена заттарын ұрлаған күдіктілер бейнебақылау камерасының көмегімен қолға түсті, деп хабарлайды F16.kz.
Бірінші ұрлық 2025 жылғы қараша айында болған. Ер адам супермаркеттен жалпы құны шамамен 120 000 теңге болатын алкогольді ішімдіктерді ақшасын төлемей алып кеткен.
Сондай-ақ осыған ұқсас басқа да қылмыстар тіркелген, оның бірі 11 ақпан күні болған. Бұл жолы сөреден төрт бөтелке виски мен жеке гигиена құралдары ұрланғаны анықталды. Келтірілген материалдық шығын көлемі 88 мың теңгеден асады.
Барлық қылмыс Жедел басқару орталығының бейнебақылау камераларына түскен жазбалардың көмегімен ашылып, күдіктілердің жеке басы анықталды. Қазір сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, — деп мәлімдеді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Полиция тұрғындарды қауіпсіздік ережелерін сақтап, қырағы болуға шақырады.




