Шығыс Қазақстанда шосселік велосипед спортынан ел чемпионаты басталды, деп хабарлайды F16.kz.
Республикамыздың түпкір-түпкірінен келген үздік велошабандоздардың басын қосқан жарыс тура бір аптаға созылмақ.
Ұйымдастырушылардың хабарлауынша, биылғы велобәйгеге 190-ға жуық спортшы қатысуда. Мұндай деңгейдегі жарыс Өскеменде алғаш рет өткізіліп тұрғанын айту керек.
– Доданың мақсаты – алдағы халықаралық жарыстарға ел құрамасын жасақтау. Атап айтқанда, биылғы қыркүйек айында Руандада өтетін Әлем чемпионатында, сондай-ақ қазан айында ұйымдастырылатын Азия ойындарында ел намысын қорғайтын спортшыларды іріктеу, – дейді Қазақстан велоспорт федерациясының бас хатшысы Жетес Сүлейменов.
Белгілі болғандай, алдағы спорт апталығының бағдарламасына ерлер, әйелдер және 23 жасқа дейінгі велошабандоздар арасындағы ел чемпионаты, VI республикалық Жастар спорт ойындары, паралимпиадашылар арасындағы Қазақстанның VII Жазғы Спартакиадасы, сондай-ақ Masters санатындағы ардагерлердің қатысуымен өтетін ел біріншілігі кіреді екен.
Бұл жолғы велобәйге Өскемен қаласының, сондай-ақ Ұлан ауданының жолдарымен өтеді. Жарыс бағдарламасында ұзақтығы 15-тен 200 шақырымға дейін жететін кезеңдер бар. Осы ретте, ұйымдастырушылар өскемендіктер мен қала тұрғындарына чемпионат кезінде шаһардағы кей көшелердің жолы жабылуы мүмкін екенін ескертеді. Бұл әсіресе, Сәтбаев, Есенберлин және Әл-Фараби даңғылдарына қатысты.