Ұлттық спорт күніне орай А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада тоғызқұмалақтан жасөспірімдер арасында жекелей қалалық біріншілігі өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Дәстүр мен зияткерлікті ұштастырған бұл жарыс жас буынның ұлттық мұраға деген құрметін арттырып, ой-өрісін кеңейтуге үлкен серпін берді.
Турнирге 9 жасқа дейінгі мектеп оқушылары қатысып, өзара мықтыны анықтады. Қатысушылар санына қарай ойындар айналмалы немесе швейцариялық жүйе бойынша ұйымдастырылып, әр ойыншыға партия соңына дейін 30 минут уақыт берілді. Бұл жас спортшылардың логикалық ойлау қабілетін, сабырлылығы мен шапшаңдығын қатар сынаған шынайы интеллектуалдық бәсеке болды.
Сайыс қорытындысы бойынша, ұлдар арасында №16 мектептің намысын қорғаған Нұрасыл Мырзахмет бас бәйгені иеленсе, №31 мектеп оқушысы Мирас Тоқтаров екінші орынға, №35 мектеп оқушысы Руслан Маратов пен №45 мектеп оқушысы Айсұлтан Баяхмет үшінші орынға тұрақтады.
Ал қыздар бойынша, №45 мектеп Ақжан Алимхан жеңіс тұғырынан көрінді. №14 мектеп оқушысы Інжу Қабылханова екінші орынды иеленсе, үздік үштікті №16 мектеп оқушысы Айша Жарқынбекқызы мен №35 мектептен келген Інжу Санатқызы түйіндеді.
Үздік өнер көрсеткен жас ойыншылар алдағы облыстық және республикалық жарыстарға жолдама алды.




