Парламент Мәжілісінің жалпы отырысында «Қазақстан Республикасы Конституциясының отыз жылдығына байланысты рақымшылық жасау туралы» Заңы қабылданды, деп хабарлайды F16.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.
Заңда азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне айтарлықтай қатер төндірмейтін қылмыстар жасағаны үшін сотталғандарды босату, атап айтқанда:
- қылмыстық теріс қылықтар мен онша ауыр емес қылмыстар жасағандарды,
- залал келтіруге алып келмеген немесе оны толық өтеген ауырлығы орташа қылмыстар жасаған адамдарды,
- залалдың немесе азаматтық талап қоюдың бар-жоғына қарамастан, ауырлығы орташа қылмыс жасаған әлеуметтік жағынан осал адамдарды босату ескерілген.
Қазіргі кезде бас бостандығынан айыру түріндегі жазаларды орындау жөніндегі қылмыстық атқару жүйесіндегі 63 мекемесінде, 16 тергеу изоляторында 40 мыңнан астам адам қамауда отыр. Олардың ішінде 33 мыңы сотталған және 7 мыңы тергеу қамауында. Бұдан басқа, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаларға сотталған 27 мыңнан астам адам пробация қызметінің есебінде тұр. Алдын ала есептеулерге сәйкес, рақымшылық жасауға бас бостандығынан айыру орындарында ұсталатын 6 мың сотталған және пробация қызметінің есебінде тұрған 9 мың адам, яғни барлығы 15 мың адам қамтылады, — деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.
Оның айтуынша, қылмыстық атқару жүйесі мекемелерінен шамамен 632 адам, сондай-ақ пробация қызметінің есебіндегі 3,5 мың, барлығы 4 мың 100 адам бостандыққа шығады.
Одан бөлек, бұған дейін еш жерде жарияланбаған тың мәлімет ретінде айта кетейін. Жұмыс тобының соңғы отырысында депутаттардың ұсынысымен рақымшылық актісін жүзеге асыру барысында қылмыстық жазасын өтеуге соңғы бір жыл қалған, оң мінезделетін 1 700-ден астам сотталғанның босап шығуы көзделген. Ол өзгеріс заң жобасының екінші және үшінші бабында ескерілген, — деді депутат.
Сонымен қатар, онша ауыр емес және ауырлығы орташа қылмыстар үшін қылмыстық жауаптылыққа тартылатын адамдар осы Заң жобасы қолданысқа енгізілгенге дейін жасаған қылмыстар туралы қылмыстық істерді, оның ішінде соттарда қаралмаған қылмыстық істерді тоқтату қарастырылған. Бұдан бөлек, ауыр және аса ауыр қылмыстар үшін жазаның өтелмеген мерзімін қысқарту көзделген.
Қылмыстық кодекстің 78-бабына сәйкес, заң жобасы аса қауіпті қылмыс жасаған адамдарға қолданылмайды… Бұдан басқа, заң жобасы қылмыстық жауапкершіліктен босатуды және сотқа дейінгі тергеу органдарының өндірісіндегі 2136 қылмыстық іс бойынша іс жүргізуді тоқтатуды айқындайтын нормаларды қамтиды. Олар бойынша 1 773 адам тергеу органдарының шешімі бойынша қылмыстық жауапкершіліктен босатылады, оның ішінде 99-ы тергеу изоляторларында, ал 1 674 адам бойынша соттар үкім тағайындау кезінде жаза мерзімін қысқарту және босату туралы заң жобасының ережелерін қолдану көзделген. Сондай-ақ мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, рақымшылық жасамау ұсынылатын қылмыстардың тізбесі айқындалды (Жобаның 5-бабы). Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 476-бабының 15-тармағына сәйкес, рақымшылық жасауды қолдану туралы түпкілікті шешімді сот әрбір сотталушыға қатысты жеке қабылдайды, — деді Мәжіліс депутаты Абзал Құспан.