Риддер қаласының 240 жылдығы аясында шаһарда екі күн бойы мәдени, ғылыми және спорттық шаралар ұйымдастырылды, деп хабарлайды F16.kz.
Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов іс-шараларға қатысып, тұрғындарды құттықтады.
Мерейтой 5 маусым күні Мәдениет сарайындағы «Риддер тарихи аспектілер тұрғысынан» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференциядан басталды. Соның барысында қатысушылар қаланың қалыптасу тарихын, оның өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуындағы рөлін және тарихи мұрасын талқылады.
Артынша «Риддер – кенді Алтайдың кереметі» атты облыстық ақындар айтысы өтіп, аймақтың танымал айтыскерлері сөз сайысына түсті.
Негізгі іс-шаралар екінші күні, 6 маусым күні ұйымдастырылды. 94-квартал ауданындағы ипподромда Риддер қаласының ІІ ұлттық «Ата-Мұра» ойындары ұйымдастырылды.
Жиналғандар көкпар, топ бәйге, аударыспақ, қазақша күрес, арқан тарту, садақ ату және «Толағай» сайыстарынан сынға түсті.
Жиналған жұртшылық әуе шарымен көкке көтеріліп, қаланы биіктен тамашалады. Мереке аумағында сауда-саттық қызып, түрлі сыйлықтар ойнатылды.
Іс-шаралар легі Республика алаңындағы ауқымды мерекелік концертпен қортындыланды.
Тарихы терең Риддер – еліміздің индустриялық дамуына зор үлес қосып, еңбек пен ерліктің, бірлік пен жасампаздықтың үлгісін көрсетіп келеді. Қала жыл өткен сайын жаңарып, әлеуметтік нысандар салынып, инфрақұрылымы дамып, тұрғындардың өмір сүру сапасы жақсаруда. Білім саласында маңызды жобалар жүзеге асырылуда. Атап айтқанда, қазақ тілінде оқытатын «Шаңырақ» мектебінің құрылысы аяқталуға жақын, №11 және №12 мектептердің жаңа ғимараттары пайдалануға берілді. Елеулі оқиғалардың бірі – 200 төсек-орындық заманауи көпсалалы аурухана кешені мен бір ауысымда 500 адамды қабылдайтын емхананың құрылысы болды. Қаламыздың абыройы артып, мәртебесі биіктеп, өңіріміз қарқынды дами берсін, — деді облыс әкімі.
Содан соң сахнада BAYANSULU, Анар Батырхан және KILIMANJARO SHOW тобы және басқа да шығармашылық ұжымдар өнер көрсетіп, тұрғындарға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Мерейтой отшашумен қорытындыланбақ. Бұл шаралар қала тұрғындары мен қонақтарын бір серпілтіп, Риддердің бай тарихы мен мәдени мұрасын дәріптей түсті.




