Өскемендіктер мен қала қонақтары татар халқының дәстүрлі мерекесі – Сабантой жоғары деңгейде атап өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Қаладағы этнопаркте өткен мерекеге қала тұрғындары, ақсақалдар, этномәдени бірлестіктердің мүшелері мен басқа да қонақтар қатысты. Еңбек пен татулықты, мейірімділікті дәріптейтін татар халқының ұлттық мерекесіне арналған іс-шара көптің көңілінен шыққаны анық.
Сахна төрінде түрлі этнос өкілдері ұлттық киімдермен өнер көрсетіп, ән айтып, би биледі. Балаларға арналған қызықты жарыстар мен ойындар ұйымдастырылды. Жиналғандар татардың ұлттық тағамдары ұсынылған көрме-жәрмеңкеден дәм татып, татар мәдениетімен тереңірек танысуға мүмкіндік алды.
Мереке аясында қонақтар қаппен секіру, арқан тартыс, күрес, секілді сайыстардың куәсі болды. Сонымен қатар, гармоньмен ән шырқап, өлең оқу байқаулары ұйымдастырылып, жеңімпаздарға естелік сыйлықтар табысталды.
– Сабантой – «жер жырту мейрамы» деген мағына береді. Бұл мереке егіс жұмыстары аяқталған соң, күзде мол өнім болсын деген тілекпен аталып өтеді. Бүгінде ол тек Татарстанда емес, әлемнің түкпір-түкпірінде тұратын татар халқы үшін ортақ мерекеге айналған. Қазақстанда да бұл дәстүр өз жалғасын табуда! – деген облыстық татар этномәдени бірлестігінің төрағасы Ғабдулхай Ишмуратов Сабантой ел ішіндегі татулық пен ынтымақты нығайтатын ерекше мереке екенін атап өтті.