Батыс Алтайдың баурайындағы Риддер қаласында ұлттық спортты ұлықтаған той өтті. Кеншілер шәрінде тұңғыш ұйымдастырылған Атамұра ойындарына еліміздің түкпір-түкпірінен сайдың тасындай іріктелген сайыпқырап саңлақтар жиылып, қалың жанкүйерге тамаша тарту жасады. Дүбірлі доданың ортасында F16.kz тілшісі де болып қайтты.
Теріскейдегі көршімен шекаралас жатқан, өзге ұлттың өкілдері басым өңірде ұлттық рухты көтерген спорт мерекесінің дүркіреп өтуі өте құптарлық іс болды. Мұны Атамұраны қызықтауға келген алқалы жұрттың аузынан естідік. Қыран құстың саңқылдаған дауысы, ысқырып ұшқан жебенің үні, қара жердің апшысын қуырған тұлпарлар тұяғының дүбірі, шашақ құлақ құмай ерткен салт аттылар мен бозкілемде атой салған апайтөс балуандар бәрі де бағзыдан жеткен бабалар дәстүрін жаңғыртып, келмеске кеткен заманды қайта тірілткендей әсер қалдырды, рас. Бұл күні қазақтың бай мұрасы, өлмес мұрасы дәріптеліп, өшпес құндылығы салтанат құрды рас.

Риддерде өткен ойындарда өнер көрсетіп, бағы мен бабын сынау үшін берісі Абай туған топырақтан, арысы Ұлытау мен Батыс Қазақстан өңірінен құралайды көзге атқан мергендер, жауырыны жер иіскемеген балуандар, арқан тартуға машықтанған атан жілік алыптар, жүйрік тазысын жетектеген итбегілер, тастақым аударыспақшылар келді. Күн арқан бойы көтерілгенде басталған бәсеке екінті ауғанда бірақ саябыр тапты. Алдын ала бекітілген бағдарламаға сәйкес қыз қуу, арқан тарту, топ бәйге, аударыспақ, қазақ күресі, садақшылар сайысы, шырға тарту (тазылар жарысы), жаппай жүгіру сияқты ұлттық ойындар өтті.
Кейінгі кезде елімізде арқан тарту сайысы қарқынды дамып, кеңінен насихатталып жүр. Әсіресе, Риддерде бұл спорт түріне қызығушылық өте жоғары. Кенді шаһардың спортшылары ел чемпионатына қатысып, үздіктер қатарынан жиі көрінеді. Бұл орайда халықаралық дәрежедегі жаттықтырушы Әділжан Дүсіповтың еңбегін бөле-жарып атап өткен абзал. Әділжан негізі Күршім ауданы, Қойтас ауылында туған. Қазір Риддерде тұрады және қол күресі, арқан тарту, гір көтеру сияқты спорт түрлерінен көптеген Азия және Әлем чемпиондарын тәрбиелеп шығарған. Білікті бапкердің шәкірттері Атамұра ойындарында да алдына жан салмай, финалға дейін жетті.
Риддерде арқан тарту сайысы кеңінен насихатталып, оған қызығатын жастар қатары күн санап артып келеді. Мемлекеттен қолдау бар, жағдай жасалған. Біздің қаланың командасы арқан тартудан республикалық жарыстарда жүлдегер атанып, топ жарып жүр. Бұл үлкен еңбектің, төккен тердің жемісі. Бүгінгі ойындарға Риддерден екі бірдей команда қатысып, біреуі финалға дейін жетсе, екіншісі қола медаль үшін таласады, – деді білікті бапкер Әділжан Дүсіпов.
Арқан тарту сайысының финалында жарыс қожайындары Риддер-1 командасы Ұлытау облысының құрамасымен бірінші орынға таласты. Нәтижесінде 2:0 есебімен қонақтар жеңіске жетіп, кубок пен бірінші орынға тігілген 1 миллион теңге ақшалай сыйлықты иеленді.
Біз арқан тартумен былтырдан, яғни Астанада өткен Дүниежүзілік көшпенділер ойынына қатысатын кезден айналыса бастадық. Нәтижесі жаман емес. Көп еңбектендік, дайындалдық. Жігіттер жарады, бүгін міне Риддер қаласында өтіп жатқан Атамұра ойындарында топ жарып, бірінші орынды иеленді. Шығыстың командасын жеңе алмай жүр едік талайдан бері, осы жолы бақ пен бап қатар шауып, олжалы болдық. Осындай дүркіретіп той өткізіп, ұлттық ойындарымызды ұлықтап жатқан қала әкімдігіне, ұлттық спорт федерациясының басшыларына ризашылық білдіреміз. – деді арқан тартудан Ұлытау облыстық командасының капитаны Шәмшиддин Мырзабек.
Сонымен қатар басқа спорт түрлерінен де жеңімпаздар анықталып, қомақты ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Қазақ күресінен аса ауыр салмақтағылар арасында «Түйе палуан» атағын және 1миллион теңге ақшалай сыйлықты өскемендік балуан Жасұлан Мұхаметханов жеңіп алды. Шырға салуда Абай облысынан келген тазының асығы алшы түсті. Ал ат үстіндегі жекпе-жекте ұландық аударыспақшыларға төтеп берер ешкім болмады. Даңқты спортшы Жұмабек Жәпішевтің ұлы Ермек Жәпішев аударыспақ ойынында қарсылас шақ келтірмеді.

Топ бәйгеде риддерлік сәйгүліктер үздік үш жүлдені иеленді. Өйткені бұл жарыста тек жергілікті тұлпарлар жарыс жолына шыққан. Бір қызығы бірінші келген қылқұйрықтың үстіндегі қыз баланың өнеріне қалың жанкүйер таңғалып, таңдай қақты. Шабандоз қызға ерекше ықылас білдіріп, қошемет көрсетті.
Ерлер арасындағы мергендер сайысында риддерлік садақшы топ жарса, қыздар бәсекесінде зайсандық Гүлжан Мұратханова топ жарып, Әлия мен Мәншүктің ізін жалғаған қазақ арулары бар екенін дәлелдеді.
Мұндай тойды көптен бері көрмеген едік, есімде жоқ тіпті соңғы рет қашан болғаны. Халықтық ойындарда ғана бәйге, аударыспақ, қазақ күресін көретінбіз. Қазағы аз Риддерде ұлттық спортқа мән беріп, дамытып жатқаны дұрыс болды. Басқалары білсін, бұл қазақтың қайталанбас салт-дәстүрі, тағылым-тәрбиеге толы ойындары бар екенін көрсін. Бағанадан байқап жүрмін, атшабарға жиналған адамдардың ішінде қазақтар ғана емес өзге ұлт өкілдері де көп жүр және олар әрбір сайысты жан-тәнімен беріліп тамашалап, жанкүйерлік етіп жатыр. Риза боласың, – деді риддерлік Бейбіт Қайырбекұлы.
Кеншілер шәріндегі керемет спорт мерекесін тамашалап, арқа-жарқа болған жұрт “Атамұраның ғұмыры ұзақ, айбыны асқақтай” берсін деген тілекпен тарқасты.





