Былтыр жыл соңында Самар ауданына 24 жас маман жұмысқа орналасты. Олардың қатарында төрт дәрігер мен 20 педагог бар. Жаңа кадрлардың келуі ауданның білім беру мен денсаулық сақтау салаларын едәуір нығайтқанмен, тұрғын үй мәселесін күн тәртібіне шығарды. Бұл туралы аудан әкімінің баспасөз қызметі мәлім етті, деп хабарлайды F16.kz.
Себебі қолданыстағы тұрғын үй қоры жас мамандарды бірден толық қамтуға дайын болмаған. Жергілікті билік бұл мәселені жедел қолға алып, оны кезең-кезеңімен шешуге кірісті. Биылғы қаңтар айында екі жас педагогқа қызметтік пәтер берілді. Аудан әкімі Серік Жеңісов жас мамандар санының көп болуын күтпегенін, бірақ бұл кадр тапшылығы мәселесін шешуге жақсы мүмкіндік екенін атап өтті.
Өтінім қабылдау кезінде жас мамандардың мұнша көп келетінін болжай алмадық. Қазір оларды орналастыру мәселесін біртіндеп шешіп жатырмыз. Ең бастысы – жастардың ауылға ат басын бұруы біз үшін үлкен қуаныш. Біз бастамашыл мамандарды қабылдауға әрдайым дайынбыз, – деді аудан әкімі.
Аудандық білім бөлімінің мәліметінше, мектептер мен балабақшаларға қазақ тілі мен әдебиеті, орыс тілі мен әдебиеті, бастауыш сынып, ағылшын тілі, денешынықтыру, биология, химия, география және технология пәндері бойынша жас мұғалімдер жұмысқа кіріскен. Барлығы профильдік білімге ие және тәжірибелі тәлімгерлердің қолдауымен еңбек етіп жатыр.
Қызметтік пәтер №1 Самар орта мектебінің мұғалімдері Аймарал Мадетберген мен Анель Ережеповаға берілді. Бұған дейін олар пешпен жылытылатын тұрғын үйді жалға алып, тұрып келген.
Биылғы 16 қаңтарда маған жөндеуден өткен, жылы әрі жайлы қызметтік пәтер берілді. Енді алаңсыз жұмыс істей беремін. Жас мамандарға көрсетіліп жатқан қолдау үшін алғысым шексіз, – деді Анель Ережепова.
Айта кетейік, былтыр Самар ауданында тұрғын үй мәселесін шешу бағытында бірқатар жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, «Бір қабатты Шығыс» бағдарламасы аясында 14 қоспәтерлі тұрғын үй салынды. Сонымен қатар мемлекеттік қызметшілерге арналған сегіз пәтер қалпына келтіріліп, реновация бағдарламасы арқылы көппәтерлі тұрғын үй ретке келтірілді.
Биыл қолданыстағы бағдарламалар шеңберінде тұрғын үй құрылысының көлемін арттыру жоспарланып отыр. Оның ішінде халықты әлеуметтік қорғау саласына арналған алты екі пәтерлі үй сатып алу, мемлекеттік қызметшілерге арналған тұрғын үйлер алу және Бақраев көшесі, 17Б мекен жайындағы көппәтерлі тұрғын үй кешенінде ағымдағы жөндеу жүргізу көзделген.
Аудан әкімі жас мамандарды тұрғын үймен қамтамасыз ету жұмыстары жалғасатынын және Самар ауданының жаңа кадрларға әрдайым ашық екенін атап өтті.




