Аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов Самар аудандық орталық ауруханасына барып, медициналық мекемені қайта жаңғырту жоспарларын қарады, деп хабарлайды F16.kz.
Аурухана Самар тұрғындарына шұғыл және алғашқы медициналық-санитарлық көмектен бастап, консультативтік-диагностикалық, мамандандырылған, стационарлық және стационарды алмастыратын қызметтердің толық спектрін көрсетеді.
Медициналық ұйымға 10,5 мыңға жуық тұрғын тіркелген. 2025 жылдың қорытындысы бойынша емханаға азаматтар 57 мыңнан астам рет келген. Оның ішінде 38,5 мыңнан астамы – ересектер, 15 мыңнан астамы – 14 жасқа дейінгі балалар, 3,5 мыңға жуығы – жасөспірімдер.
Аурухананың тәулік бойы жұмыс істейтін стационарында 38 төсек-орын бар. Оның 23-і терапиялық, 15-і хирургиялық бағытқа арналған. Өткен жылы стационарда 700-ден астам пациент ем қабылдаса, күндізгі стационарда тағы 881 адамға медициналық көмек көрсетілген.
Бүгінде медициналық мекемеде 201 қызметкер еңбек етеді. Оның 28-і — дәрігер, 91-і — орта буын медицина қызметкері.
Аурухананың негізгі ғимараттары мен емхана 1973 жылы салынған. Қайта жаңғырту аясында ғимараттарды жаңарту, инженерлік инфрақұрылымды жақсарту, медициналық бөлімшелердің жағдайын заманауи талаптарға сәйкестендіру жоспарланып отыр.
Айта кетейік, өткен жылы ауруханада лифт шахтасына күрделі жөндеу жүргізіліп, пациенттерді тасымалдауға арналған жаңа жолаушылар лифті орнатылған.




