Өскеменде мүгедектігі бар спортшылар арасында VII республикалық спартакиаданың жабылу рәсімі өтіп, жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталды, деп хабарлайды F16.kz
Үстел теннисі орталығында ұйымдастырылған шараға Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов қатысты.
Бұл – жай ғана спорттық шара емес, бұл – рухтың мықтылығының, жігердің және баршаға тең мүмкіндіктердің көрінісі. Биылғы спартакиада еліміздің бес өңірінде – Астана мен Алматы қалаларында, Шығыс Қазақстан, Жамбыл және Ақмола облыстарында өтті. Жарыс бағдарламасына 17 спорт түрі енгізіліп, соның ішінде паравелоспорт пен паратеннис алғаш рет Шығыста ұйымдастырылды. Біздің өңірдің осындай маңызды ұлттық спорттық оқиғаның бір бөлігі болғанына қуаныштымыз.
Әкімдік атынан ұйымдастырушыларға, бапкерлерге, төрешілерге, еріктілерге және спортшыларға алғыс білдіремін. Әрбір қатысушы тек медаль емес, сонымен қатар тың күш, тәжірибе мен өзіне деген сенім алып қайтты деп ойлаймын. Сіздерге сәттілік, мықты денсаулық және жаңа жеңістер тілеймін! – деді облыс әкімі.
Бүгінде Шығыс Қазақстан облысында 311 708 адам салауатты өмір салтын ұстанады, оның ішінде 4053-і мүгедектігі бар адам, соның 1677-сі – балалар.
Облыста барлығы 1628 спорттық инфрақұрылым нысаны, 35 спорт мекемесі жұмыс істейді. Олардың қатарында мүгедектігі бар жандарға арналған спорт клубы, олимпиадалық резервті даярлау орталығы, жоғары спорт шеберлігі мектептері, дәрігерлік-денешынықтыру диспансері, дарынды спортшы балаларға арналған олимпиадалық резервтің арнайы мектеп-интернат-колледжі және балалар мен жасөспірімдер спорт мектептері бар.