Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов ардақты аналар мен аяулы аруларды 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні мерекесімен құттықтады, деп хабарлайды F16.kz порталы облыс әкімінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ардақты аналар мен аяулы арулар! Сіздерді көктемнің шуақты мерекесі — 8 наурыз Халықаралық әйелдер күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әже-анасын ардақтап, жан жарын, аруларын аялаған, апай-қарындасын қорғаған елдің ұрпағымыз. Әйел — өмірдің бастауы, тіршіліктің тірегі, отбасының берекесі. Мейірімдеріңіз бен даналықтарыңыз, еңбекқорлықтарыңыз бен табандылықтарыңыз әр әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның өркендеуіне зор үлес қосып келеді. Бүгінде Шығыс Қазақстанда нәзік жандылар білім мен ғылымда, медицина мен мәдениетте, кәсіпкерлік пен мемлекеттік қызметте табысты еңбек етіп, биік белестерді бағындырып келеді. Волонтер ретінде де түрлі қоғамдық шараларға қатысып, игі бастамаларды қолға алып жатыр. Әсіресе, аналардың қоғамдағы орны ерекше. АНА деген үш-ақ әріптен тұратын осы қасиетті сөздің арғы жағында қаншама мән-мағына жатыр десеңізші… Сіздер ел болашағын ту еткен өскелең ұрпақты тәрбиелеп, ұлттық құндылықтарды көздің қарашығындай сақтап келесіздер. Мерекеде өздеріңізге зор денсаулық, баянды бақыт, отбасыларыңызға бақ-береке тілеймін. Әр шаңырақта шаттық пен жылылық орнап, жүректеріңіз әрдайым көктемнің нұрындай шуақты, гүлдей нәзік болсын! Сіздердің жаққан шырақтарыңыз ешқашан сөнбесін! – деді аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағанов




