Бүгін облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі балалар мен жасөспірімдерді қолдау мақсатында дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарының облыстық кезеңі өтіп жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Спорттық сайысқа облыстың түкпір-түкпірінен жиналған 10-16 жас аралығындағы балалар мен жасөспірімдер қатысып, 7 спорт түрі бойынша сынға түседі. Атап айтқанда, жеңіл атлетика, мини футбол, бочча, үстел теннисі және асық ату, тоғызұмалақ пен бес тас.
Облыстық спорт басқармасы аталмыш «Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарын былтырдан, яғни 2024 жылдан бері ұйымдастырып келеді. Биыл 6 аудан мен қалалардан 50-ден астам спортшы қатысып жатыр. Өз аймақтарының намысын қорғауға келген бүлдіршіндер 7 спорт түрі бойынша бақтарын сынайды. Оның ішінде тоғызқұмалақ, асық ату сияқты ұлттық ойындар да бар. Жалпы облыста инклюзивті білім беруге, мүмкіндігі шектеулі жандардың қоғамнан ажырап қалмай, спортпен айналысуына жақсы жағдайлар жасалып жатыр. Бүгінгі шара соның бір дәлелі. Одан бөлек біздің спорт клубында паралимпиадалық, сурдлимпиадалық және олимпиадалық емес спорт түрлерінен де балалар жаттығады, — дейді шектеулі адамдарға арналған спорт клубының әдіскері Мейірбек Елемесов.
Бірнеше жыл бойы дәстүрлі түрде ұйымдастырылып келе жатқан байқауға биыл жас спорттышлар мен жаттықтырушылар ерекше дайындықпен келген. Бұл кезеңнен сүрінбей өтіп, жеңімпаз атанған спортшылар қазан айында Астана қаласында өтетін республикалық кезеңде облыс намысын қорғауға аттанады.
«Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындарына 2022 жылдан бері қатысып, шәкірттеріміз жақсы нәтижелер көрсетіп келеді. Мұндай шаралар балалар үшін өте қажет. Әр аудан, облыстың балалары бір-бірімен танысып, достасып, спортқа деген құлшынысы артады. Жылдан жылға қатысуға ниетті балалар саны да артып келеді. Біздің шәкірттер аптасына 4 рет осы О.Рыпакова атындағы жеңіл атлетика манежінде жаттығады. Былтыр оқушыларым республикалық кезеңге өтіп, жүлделі орындар иеленіп қайтты. Алда одан да жоғары, халықаралық деңгейге шықсақ деген мақсатымыз бар, — деді Өскемен қалалық №8 арнайы мектеп-интернатының жаттықтырушысы Серік Қожамбаев.
«Жұлдызай» ұлттық инклюзивті ойындары – ерекше балалардың спорттағы жетістіктерін дәріптеп қана қоймай, олардың қоғамдағы орны мен әлеуетін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.




