«Shygys Aibyn-2025» облыстық жарысының жеңімпаздары халықаралық байқауға қарқынды дайындалып жатыр, деп хабарлайды F16.kz.
Естеріңізге сала кетейік, көктемде Өскемен гарнизонының 27943 әскери бөлімінде өткен облыстық «Shygys Aibyn-2025» әскери-патриоттық жарысында Алтай қаласы С.Нұрмағамбетов атындағы мектептің оқушылары жүлделі орын иеленген.
Бүгінде олар Ақтөбе қаласында өтетін республикалық «AIBYN-2025» байқауына дайындықты бастап кетті.
Біз күн сайын саптық дайындық, спорттық жаттығулар мен алғашқы көмек көрсету сабақтарына қатысып жатырмыз. Әрқайсымыз өз міндетімізді жауапкершілікпен орындауға тырысамыз. Басты мақсат — алдағы жарыста үздік нәтиже көрсету, – дейді команда мүшесі Рыспек Алимхан.
Жаттығу барысында оқушылар саптық даярлық, әскери-қолданбалы спорт түрлері, алғашқы медициналық көмек көрсету және тактикалық іс-қимылдар бойынша деңгейлерін шыңдайды.
Балаларда нағыз жауынгерлік рух бар. Бұл жерде ең маңыздысы – ауызбіршілік пен тәртіпті сақтау. Оқушылардың ынтасы жоғары, – дейді “Жас Сарбаз” балалар мен жасөспірімдер әскери-патриоттық қозғалысының ШҚО филиалы Республикалық қоғамдық төрағасы Дәурен Шоматов.
Жарысқа Қазақстанның барлық өңірлері және 11 елден оқушылар қатысуға өтінім берген. Жас сарбаздар 19 маусым күні ауқымды додада облыс намысын қорғайды.