Биыл Шығыс Қазақстан облысының колледждерінде 7 мыңнан астам студент тегін оқиды. Талапты жастардың басым бөлігі кәсіптік-техникалық мамандық иелерін даярлайтын оқу орындарын таңдаған. Солардың бірі – Өскемен жоғары политехникалық колледжі. Қазір мұнда еңбек нарығында жоғары сұранысқа ие жаңа кәсіптік бағыттар ашылған, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде өңірдің білім ордалары жастарды жаңа мамандықтарға оқытуға ден қойып отыр. Олардың қатарында су және әуе көлігі, логистика, қауіпсіздік және қорғаныс салаларындағы мамандықтар бар. Айталық, Өскемен жоғары политехникалық колледжінде биылдан бастап жаңартылатын энергетика – жаңартылатын энергия көздері жабдықтарының операторы мамандығы ашылды. Студенттерді оқыту үшін күн панельдері, батареялар және жел генераторлары бар арнайы оқу стендтері сатып алынды. Нәтижесінде зертханадағы тәжірибелік сабақтар баламалы энергия көздерінің жұмысын іс жүзінде зерттеуге мүмкіндік береді.

Сондай-ақ қашықтан басқарылатын авиациялық жүйелер – ұшқышсыз ұшу аппараттарының операторы мамандығы қосылды. Бұл бағытта жастар заманауи дрондарды меңгеріп, логистика, ауыл шаруашылығы, геодезия және басқа да салаларда білім алады.
Колледжді аралап көрген облыс әкімі Нұрымбет Сақтағанов осында білім жатқан студенттердің келешекте елімізде ғана емес, халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті мамандар болатынына сенім білдірді.
Бүгінде облыс колледждері кәсіби-техникалық мамандардың ұстаханасына айналды. Сұранысқа ие мамандықтар, тәжірибелік оқыту, заманауи зертханалар — осының бәрі біздің түлектерді өңірде ғана емес, бүкіл елде, тіпті халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті етеді, – деді ол.
Айта кетейік, Өскемен жоғары политехникалық колледжінде WorldSkills-2025 чемпионатында аймақ намысын қорғайтын студенттер дайындалады. Сонымен қатар мұнда IT-орталық жұмыс істейді. Ол жерде студенттер хакатондар мен киберспорт турнирлеріне дайындалады.




