Бүгін Шығыс Қазақстан облысының делегациясы Қытайдың Қарамай қаласындағы жетекші IT-хабтарды аралады. Бағдарлама аясында Қарамай бұлтты есептеу индустриялық паркі, Huawei және China Mobile сияқты ірі технологиялық орталықтардың жұмысымен танысты, деп хабарлайды F16.kz.
Аталған орталықтар заманауи цифрлық шешімдерді дамытуда маңызды рөл атқарады. Олар жасанды интеллект технологияларын белсенді түрде енгізіп, ірі компаниялар мен мемлекеттік құрылымдардың тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін деректерді сақтау, қорғау және өңдеудің ең жаңа әдістерін қолданады.
Экскурсия барысында делегация өкілдері IT-хабтардың инфрақұрылымымен және жұмыс істеу жүйесімен жан-жақты танысып, жетекші мамандармен пікір алмасты, өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алды. Оларға қолданыстағы технологиялық шешімдер мен енді енгізіліп жатқан болашақ жобалар ұсынылды.
Делегация мүшелері IT-хабтардың ұйымдастыру деңгейі мен техникалық жабдықталуына жоғары баға беріп, ондағы шешімдерді Шығыс Қазақстан өңірлерінде қолдануға қызығушылық танытты. Олардың айтуынша, мұндай тәжірибе цифрлық трансформацияны дамытуға, интеллектуалды жүйелерді енгізуге және түрлі салалардағы тиімділікті арттыруға зор мүмкіндік береді.
Осындай халықаралық сапарлар тек білім мен тәжірибе алмасуға емес, сонымен қатар Қазақстан мен Қытай арасындағы IT, инновация салаларындағы серіктестікті нығайтуға, болашақтағы бірлескен жобаларға негіз қалайды.
Естеріңізге сала кетейік, кеше, 21 сәуірде Қытай Халық Республикасының Шыңжан-Ұйғыр автономиялық ауданы, Қарамай қаласында Шанхай ынтымақтастық ұйымының ұйымдастыруымен цифрлық технологиялар саласында білім беру, туризм және IT бойынша кадрларды даярлау мен дамытуға бағытталған халықаралық семинар басталған. Бес күнге жоспарланған шараға Шығыс Қазақстан облысының делегациясы қатысып жатыр.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі