Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов Өскемендегі су құбыры жарылған көшелерді аралап, төтенше жағдай салдарын жою жұмысын тексерді, деп хабарлайды F16.kz.
Аптаға жуық уақытқа созылған аяздан облыс орталығындағы Карбышев, Беспалов және Геологиялық көшелерінде су құбыры желісі істен шығып, апатты жағдай болды. Жөндеу жұмыстары жүргізілген кезде ауызсу беру уақытша тоқтатылып, тұрғындарға тіршілік нәрі арнайы көліктермен жеткізілді.
Беспалов көшесіндегі су құбыры 1964 жылы салынған. Қазір тозығы жеткен. Осындай жағдайларды болдырмау үшін ескі құбырларды рет-ретімен ауыстырып жатырмыз. Бәрін бір мезетте ауыстыру мүмкін емес. Апат салдары жойылды. Қаланың коммуналдық инфрақұрылымы штаттық режимде жұмыс істеп тұр. Жағдай бақылауда. Барлық жұмысшыларға алғыс айтамын, — деді Нұрымбет Сақтағанов.
Айта кетейік, өңірде инженерлік инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді. Сонымен қатар «Тариті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында су құбыры желілерін жаңарту мүмкіндігі қарастырылып жатыр.




