Бүгін, 23 сәуір елімізде Ұлттық кітап күні. Бұл атаулы күн еліміздің мәдени өміріндегі маңызды мерекелердің бірі ретінде орнығып келеді. Аталған мереке күнтізбеге екі жыл бұрын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен енгізілген, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлттық құрылтайда Президент кітап оқудың маңызына ерекше тоқталып, қоғамда кітапқұмарлықты дамыту қажеттігін атап өткен.
Кітапқұмарлық – жақсы қасиет. Көптеген мемлекет Ұлттық кітап күнін атап өтеді. Біз, ең алдымен, жастарды кітап оқуға баулуымыз керек. Сонда жаппай кітап оқитын ұлтқа айналамыз, – деп атап өтті.
Кейінгі жылдары елімізде кітап оқу мәдениетін қалыптастыру бағытында бірқатар бастама жүзеге асырылып келеді. Соның ішінде өңірлердегі кітапханалардың қызметі ерекше рөл атқарады. Бұл тұрғыда Шығыс Қазақстан облысы тұрғындары белсенділігімен көзге түсіп отыр. Өңір бірнеше жылдан бері елдегі ең көп оқитын аймақтардың бірі ретінде танылып келеді.
Қазір Шығыс Қазақстан облысында барлығы 170 бұқаралық кітапхана тұрақты жұмыс істейді. Оның ішінде үш облыстық, 25 қалалық, 11 аудандық және 131 ауылдық кітапхана бар. Кітапханалардың басым бөлігі ауылдық елді мекендерде орналасқан, бұл ауыл тұрғындарының кітапқа деген қызығушылығы жоғары екенін көрсетеді.
Мамандардың айтуынша, кітапханалардағы оқырман саны тұрақты деңгейде сақталып отыр. Бұл – халықтың, әсіресе жастардың кітапқа деген қызығушылығы төмендемегенін көрсетеді.
Ұлттық статистика бюросы ұсынған деректерге сәйкес, Шығыс Қазақстан облысы кітапхана қолданушыларының саны бойынша республикада көш бастап тұр. Бұл көрсеткіш өңірдегі кітап оқу мәдениетінің жоғары деңгейде екенін тағы бір мәрте дәлелдейді.
Ұлттық кітап күні – рухани құндылықтарды дәріптеп, қоғамды білім мен парасатқа жетелейтін маңызды мереке. Мамандар бұл күн тек мерекелік шаралармен шектелмей, халықты, әсіресе жас буынды кітап оқуға баулитын тұрақты үрдіске айналуы тиіс екенін атап өтеді.




