23-25 сәуір аралығында Алматы қаласында Kazakhstan International Tourism Fair (KITF) халықаралық көрмесі өтті. Орталық Азиядағы ең ірі туристік көрмеге Шығыс Қазақстан облысы қатысып, көрікті жерлерін және жергілікті өнімдерін таныстырды, деп хабарлайды F16.kz тілшісі.
Әлемнің түкпір-түкпірінен келген туристік индустрия өкілдерін біріктіріп, туристік бағыттарды ілгерілетуге, іскерлік байланыстар орнатуға және халықаралық ынтымақтастықты дамытуға баса назар аударатын көрме дәстүрлі түрде жыл сайын ұйымдастырылады.
Биыл Шығыс Қазақстан облысы бұл мүмкіндікті пайдаланып, аймақтың туроператорлары қонақтарды табиғи көрікті жерлермен, мәдени және гастрономиялық мұрамен, жергілікті өнімдермен таныстырды.
Облыстық делегация құрамында туристік бизнестің жетекші өкілдері Altay-Pro.kz, Katonkaragai Tour, Viator Way, Drivejeepkz, Sunrise Travel, «Баян» пантомен емдеу шипажайы, «Заречье» эко-отелі, Best Western Plus Oskemen қонақ үйі, сондай-ақ бірқатар қонақ үйдің иелері бар.
Айта кету керек, көрменің алғашқы күні-ақ облыстық туристік ақпарат орталығы мен Ресей Федерациясындағы Алтай өлкесінің туристік ақпарат орталығы өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Құжат шекара маңындағы туризмді дамытуға, бірлескен іс-шаралар өткізуге және туристік өнімдерді өзара ілгерілетуге бағытталған.
KITF–2025 көрмесіне қатысу – үлкен тәжірибе. Бұл алаң өңірдің туристік индустриясын дамытып, серіктестермен тікелей байланыс орнатуға, ынтымақтастық географиясын кеңейтуге және халықаралық деңгейде өңірдің танымалдығын арттыруға зор мүмкіндік ашары сөзсіз.
Фото: ШҚО өңірлік коммуникациялар қызметі