Биыл елімізде соңғы қоңырау 23-ші немесе 24-ші мамырда соғылады. Бұл туралы Оқу-ағарту министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды F16.kz.
— 34 аптаға созылатын оқу жылы аяқталуға жақын. Биыл елімізде 3,9 миллионнан астам оқушы қорытындылап, оның ішінде 217 мыңнан астам түлек мектеп бітіреді. Өткен жылдағыдай, соңғы оқу күні — 23 мамырда еліміздің барлық мектебінде «Білімім — Отаныма» тақырыбында бірыңғай сынып сағаты өтеді. Бұл бүкіл білім беру жүйесі үшін маңызды шара, оқушылар мен ұстаздар оқу жылын қорытындылап, ең маңызды әрі қызықты сәттерді бірге еске алады,- делінген хабарламада.
Ақпаратта айтылғандай, бірыңғай сынып сағаты оқушылардың бойында білімге ұмтылыс, патриотизм және еңбекқорлық сияқты қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған.
— Биыл оқу жылының аяқталуы жексенбі күнімен сәйкес келгендіктен, 11-сынып түлектері үшін салтанатты шара мектеп әкімшілігінің шешімімен 23-ші немесе 24-ші мамырда өткізіледі. Сондай-ақ, барлық оқушы үшін тең жағдай мен қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін мектеп форматынан тыс, сән-салтанатты іс-шаралар ұйымдастыру, ақша жинау, автокөлікпен шеруге шығу және басқа да мерекелеу түрлеріне жол берілмейтінін тағы да еске саламыз, — деп хабарлайды ведомстводан.
Фото: F16.kz/жасанды интеллект