Еліміздің Сыртқы істер министрлігі Таяу Шығыстағы жағдайға байланысты Қазақстан азаматтарына үндеу жасады, деп хабарлайды F16.kz.
Бүгінде әскери-саяси ахуалдың қиындап кетуіне байланысты Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі ел азаматтарына Таяу Шығыс елдеріне бұрын жоспарланған барлық сапарды қайта қарауды ұсынады.
Қазір жағдайды зерделеп, ықтимал тәуекелдерге жан-жақты баға беріліп жатыр, құзыретті мемлекеттік органдармен және шетелдік серіктестермен үйлестірілген жұмыс қолға алынды. Таяу Шығыс өңірінің бірқатар елінде әуе кеңістігін пайдалануға уақытша шектеулер енгізілді, бұл халықаралық рейстердің тоқтатылуына және кейінге шегерілуіне алып келді, – делінген хабарламада.
Осы ретте ҚР СІМ Таяу Шығыс елдерінде, әсіресе Қатар мен Біріккен Араб Әмірліктерінде жүрген Қазақстан азаматтарына келесі сақтық шараларын ұстануды ұсынады:
- сабыр сақтап, жергілікті билік органдары белгілеген қауіпсіздік шараларын қатаң орындау;
- адамдар көп жиналатын іс-шараларға қатысудан және әскери нысандарға жақындаудан аулақ болу;
- қабылдаушы елдердің ресми органдары мен Қазақстан өкілдіктері таратқан ақпаратты мұқият бақылау;
- брондалған рейстердің статусын және елден шығу бағыттарын тұрақты түрде нақтылап отыру;
- төменде көрсетілген жедел байланыс арналары арқылы Қазақстан Республикасының елшіліктерімен тікелей байланыста болу.
- Қазақстанның Қатардағы елшілігі: +97450649955 +97470910579 kazconsul.doha@gmail.com doha@mfa.kz
- Қазақстанның БАӘ-дегі елшілігі (Әбу Даби қ.): +97124498778 +971503629805 abudhabi@mfa.kz
- Қазақстанның Дубайдағы бас консулдығы: +971556103341 +971505701978 dubai@mfa.kz
- ҚР Сыртқы істер министрлігі: +7 (717-27) 2-05-00
Таяу Шығыстағы ҚР Сыртқы істер министрлігінің барлық дипломатиялық өкілдіктері штаттық режимде жұмыс істеп жатыр. Жағдайды үнемі бақылауда ұстап, Қазақстан азаматтарына қажетті консулдық-құқықтық көмекті тәулік бойы көрсетуді жалғастырады, – деп жазды ведомство.