17–19 қыркүйек аралығында Өскемен қаласында облыстық «Туған жер – алтын бесігім» жобасы аясында Алтай ауданының күндері өтеді, деп хабарлайды F16.kz.
Мәдени күндер аясында түрлі қызықты шаралар, көрме, шығармашылық ұжымдарының концерті мен жәрмеңке ұйымдастырылмақ.
17 қыркүйек күні сағат 10:00-де Сәрсен Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан университетінің студенттерімен кездесу өтеді.
18 қыркүйек күні сағат 10:00-ден бастап Арбатта Алтай ауданымен жақынырақ танысып, оны балалар мен суретшілердің көзімен көруге мүмкіндік болады. Сондай-ақ болашаққа да көз жүгіртіп, заманауи технологиялар мен жасанды интеллекттің бүгінде Алтайға жаңа мүмкіндіктер ашып отырғанына куә боласыздар.
Сағат 17:00-де Шығыс Қазақстан облыстық филармониясында «Алтай: цифрлық болашақ аумағы» көрмесіне шақырамыз. Мұнда ауданның бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысып, оның жетістіктерін, қызықты жобалары мен Алтай тұрғындарының өміріне еніп келе жатқан заманауи шешімдерді көре аласыздар.
Сағат 18:00-де филармонияның концерт залында Алтай ауданының шығармашылық ұжымдарының қатысуымен үлкен концерттік бағдарлама өтеді.
19 қыркүйек күні сағат 08:00-де «Алтай» көтерме-бөлшек сауда орталығында өтетін ауыл шаруашылығы жәрмеңкесіне шақырамыз. Жергілікті өндірушілердің жаңа өнімдері, мол таңдау және тауарларды аудан өндірушілерінің өзінен тікелей сатып алу мүмкіндігі сіздерді күтеді.




