UAE SWAT Challenge халықаралық турнирінің үшінші күні қазақстандық командалар кезекті жеңіске жетті. Үшінші кезеңнің барлық жүлделі орындары Қазақстан командаларына бұйырды.
«Kazakhstan A» командасы «Офицерді құтқару» тапсырмасын 02.00 минутта (рекорд) орындап, кезең жеңімпазы атанды және турнир кестесінде көш басына шықты. Екінші орынды «Kazakhstan B» иеленсе, қола жүлде «Kazakhstan C» командасына бұйырды.
Сонымен қатар тағы екі қазақстандық команда турнирдің үздік 20 қатарына енді. Айталық, «Kazakhstan D» командасы 19-орында тұрса, оның ізін ала «Tomiris» әйелдер командасы жайғасты. Біздің арулар әйелдер арасындағы үздік нәтижені қайталап қана қоймай, көптеген ерлер командасын артта қалдырды.
Үш кезеңнің қорытындысы бойынша «Kazakhstan C» жалпы есепте бірінші орынды берік ұстап тұр. Одан кейінгі орында – «Kazakhstan A».
Осылайша, қазақстандық арнайы жасақ 48 елден келген 109 команда бақ сынап жатқан элиталық халықаралық турнирде көш бастап келеді.
Алда UAE SWAT Challenge жарысының тағы екі кезеңі бар. Батырларымызға сәттілік тілеп, әлемдік додада жеңіспен оралуына тілектеспіз.




