Шығыс Қазақстан облысында пайдаланылмай жатқан ауыл шаруашылығы жер телімдері қайта айналымға енгізіліп жатыр. Жергілікті билік осылайша елді мекендер маңындағы жайылым тапшылығын азайтуды көздеп отыр, деп хабарлайды F16.kz.
Бұл туралы облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Надежда Михейлис өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында айтты. Оның айтуынша, 2022 жылдан бері облыста 131,6 мың гектар жер ауыл шаруашылығы айналымына қайта қосылған. Бұл – жоспарланған көлемнің шамамен 28 пайызы. Соның ішінде 53,6 мың гектар жер ауыл тұрғындарының қажеттілігі үшін берілсе, 78 мың гектары конкурс арқылы агроқұрылымдарға ұсынылған.
Ал 2026 жылдың алғашқы жартыжылдығында тағы 293 мың гектар жерді айналымға енгізу жоспарланып отыр.
Сонымен қатар өңірде қоғамдық жайылымдарды қалыптастыру жұмыстары қолға алынған. Аудан-қала әкімдіктері ауылдағы мал санына қарай жайылымға қажетті жер көлемін есептеп, оны басқарудың бес жылдық жоспарларын әзірлеп жатыр.
Ондай жоспар қазір Алтай ауданында бекітілген. Қалған қала мен аудандарда құжаттар әзірленіп жатыр. Жалпы, облыста тұрғындардың мал жаюына арналған шамамен 700 мың гектар қоғамдық жайылым бар, — деді Надежда Михейлис.
Бұдан бөлек, өңірде ауыл шаруашылығы жерінің топырақ құнарын қалпына келтіру жұмысы қолға алынды. Бұл бағытта мамандар Гипрозем филиалымен бірлесіп зерттеу жүргізді. Нәтижесінде қазір 305,9 мың гектар жер тозғаны анықталды. Мамандар алдағы уақытта бұл жерлерді қалпына келтіру бойынша арнайы шаралар қабылданатынын айтты.




