Ресейдің Барнаул қаласында жұмыс сапарымен жүрген Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов бастаған делегация ауыл шаруашылығы саласында табысты жұмыс істеп жатқан кәсіпорындарды аралады. Ондағы мақсат – озық тәжірибемен танысып, өзара байланысты нығайту, деп хабарлайды F16.kz.
Шығысқазақстандық делегация алдымен «Толмачёвский» жылыжай комбинатының «Алтайское» бөлімшесіне барды. Жылыжай аумағы — 9,3 гектар. Онда қияр, салат және хризантема өсіріледі. Кәсіпорын халыққа күнделікті тұтынатын көкөніс пен гүл өнімдерін ұсынады. 2023 жылғы наурыздан бастап бұл бөлімше ISO 22000:2018 халықаралық стандарты бойынша сертификат алған. Бұл дегеніміз – өндірілетін өнімдердің қауіпсіз әрі сапалы екендігін растайды. Кәсіпорында азық-түлік қауіпсіздігіне ерекше көңіл бөлінеді.
Өнімді зиянкестерден қорғау үшін мұнда арнайы биоматериал – энтомофаг қолданылады. Энтомофаг дегеніміз – зиянды жәндіктерді жоятын пайдалы жәндік. Бұл тәсіл химиялық дәрілерді аз қолдануға мүмкіндік береді және экологияға зияны аз.
Комбинатта үш зертхана жұмыс істейді: агрохимиялық зертхана, биозертхана және клоналды микрокөбейту зертханасы. Бұл зертханаларда өсімдіктердің сапасы мен қауіпсіздігі бақылауда ұсталады. Кәсіпорында 270-тен астам адам еңбек етеді.
Сапар барысында делегация қаладағы №136 мектепке және Алтай мемлекеттік педагогикалық университетіне барып, білім саласындағы жұмыстармен танысты. Тараптар тәжірибе алмасып, болашақтағы ынтымақтастық мүмкіндіктерін талқылады.
Жалпы, бұл сапар екі өңір арасындағы байланыстарды нығайтып, өндіріс пен білім саласында жаңа мүмкіндіктерге жол ашады.




