Серебрянск қаласындағы 97638 әскери бөлімінде еліміздің әр өңірінен келген 60-қа жуық жас сарбаз салтанатты түрде әскери ант қабылдады, деп хабарлайды F16.kz.
Қостанай, Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстарынан шақырылған жас жауынгерлер енді Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері құрамында әскери қызметтерін жалғастырады.
Салтанатты шараға сарбаздардың ата-аналары мен жақындары қатысып, ерекше сәттің куәсі болды. Рәсімнен кейін олар әскери бөлімнің тыныс-тіршілігімен танысып, сарбаздардың жатын орындарын, асханасын және қызмет өткеру жағдайларын аралап көрді.
Бір айдың ішінде баламыздың өзгергенін байқадық. Әскери тәртіпке бейімделіп, өзіне деген сенімі артқан. Бүгінгі ант қабылдау рәсімі оның өміріндегі маңызды кезеңдердің бірі болды. Ұлымыздың Отан алдындағы борышын абыроймен өтейтініне сенеміз, — деді сарбаздың әкесі Нурлан Құсманов.
Әуе шабуылына қарсы қорғаныс күштері еліміздің әуе кеңістігінің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін маңызды әскери құрылымдардың бірі болып саналады. Бөлімнің негізгі міндеті – әуеден төнетін қауіптерді дер кезінде анықтап, олардың алдын алу. Осы бағытта қызмет ететін әскери қызметшілер жауынгерлік дайындықтарын үздіксіз жетілдіріп отырады.




