Шығыс Қазақстан облысының әкімдігінде аймақ басшысы Нұрымбет Сақтағановтың төрағалығымен ведомствоаралық комиссияның отырысы өтті. Жиында жол-көлік оқиғаларының, сондай-ақ кәмелетке толмағандардың қатысуымен болатын және спирттік ішімдіктің салдарынан жасалатын қылмыстардың алдын алу мәселелері қаралды, деп хабарлайды F16.kz.
207 БЕЙНЕКАМЕРА БАҚЫЛАП ТҰР
Бүгінгі күні облыста көлік жолдарының сапасын анықтау, жол белгілерін, стробоскоптарды, патрульдік автокөліктер мен жануарлардың макеттерін орнату бойынша жұмыс жүйелі жүргізіліп келеді.
Сонымен бірге Өскемен, Риддер және Алтай қалаларында «Мерген» аппараттық-бағдарламалық кешенін енгізу жалғасын тапты. Бүгінгі күні 207 бейнекамераның көмегімен 11 мыңнан астам жол қозғалысы ережесін бұзу фактісі анықталды.
Жыл басынан бері ШҚО-да спирттік ішімдік ішіп, мас күйінде қылмыс жасалған адамдар анықталды. Облыстық полиция департаментінің мамандары құқықбұзушылыққа бейім тұлғаларды тұрғылықты жері бойынша нақтылап, жоспарлы тексеру жұмыстарын жүргізіп жатыр.
ҚАУІПТІ УЧАСКЕЛЕРГЕ ЖАРЫҚ ОРНАТЫЛАДЫ
Кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстардың алдын алу мақсатында «Жасөспірім», «Каникул», «Түнгі қаладағы балалар», «Профилактика» іс-шаралары және «Жасөспірім. Заң. Қауіпсіздік» акциялары тұрақты түрде өткізіліп келеді. Бүгінгі таңда 107 жасөспірім және 196 тәрбиелеу және оқыту міндеттерін орындамаған заңды өкіл есепке алынды.
Отырыс қорытындысы бойынша облыс әкімі бірқатар тапсырма берді. Әсіресе, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ерекше назар аударылды. Жол жөндеу, апатты-қауіпті учаскелерде жарық орнату, мектептердің маңындағы инфрақұрылымды және жаяу жүргіншілер өткелдерін жаңғырту тапсырылды.
АЛКОГОЛЬДІ ІШІМДІКТЕН БАС ТАРТУ МҮМКІН БЕ?
Бұған қоса спирттік ішімдіктен толық бас тартқан елді мекендердің тәжірибесін тарату, алкогольді ішімдіктерді тек арнайы алкомаркеттерде сату туралы ұсыныстар қаперге алынды.
Спирттік ішімдіктердің заңсыз саудасына тосқауыл қою және маскүнемдіктің алдын алу мен салауатты өмір салтын насихаттау бойынша профилактикалық жұмысты күшейту қажеттігі атап өтілді.
Қоса айтқанда, жазғы демалыс кезеңінде кәмелетке толмағандар арасындағы құқықбұзушылықтардың алдын алу шараларын күшейту қажеттігі баса назарға алынды. Жасөспірімдер мен олардың ата-аналарын жауапкершілік туралы уақтылы хабардар ету, құқықбұзушылықтар жиі тіркелетін орындарға көңіл бөлу және қажет болғанда олардың лицензияларын қайтарып алу шараларын қабылдау ұсынылды.
Фото: ШҚО әкімінің баспасөз қызметі