Ел тарихында ерекше орын алатын, ең маңызды мерекелердің бірі – Республика күні. Бұл күн – еліміздің тәуелсіздігіне жол ашқан, мемлекеттік егемендіктің іргетасы қаланған тарихи сәттің айғағы.
Ұлттық мереке биыл елімізде төртінші жыл тойланады. Елдікке бастаған ерекше күн мерекелер қатарынан алынып тасталғанымен, 2022 жылы Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев оны қайтадан атаулы күндердің бірі етіп бекітіп, күнтізбеде қызыл түске боялды.
Араға жылдар салып қайта оралған мерекенің тарихы сонау 1990 жылдан басталады.
1990 жылдың 25 қазанында Қазақ Кеңестік Социалистік Республикасының Жоғарғы Кеңесі «Қазақ КСР-нің мемлекеттік егемендігі туралы» декларациясын қабылдады.
Бұл құжат – Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу жолындағы алғашқы және аса маңызды құқықтық-құжаттық негіз болды. Тарихи құжатта алғаш рет Қазақстан аумағының тұтастығы, саяси және экономикалық дербестігі, азаматтық пен ұлттық теңдік қағидаттары, мемлекеттік бюджеті, халықаралық қатынастардағы дербестігі, мемлекеттік рәміздері айқын көрсетілді.
Сол кезеңдегі тарихи жағдайға көз жүгіртсек, Кеңес Одағының ыдырауы қарсаңында көптеген одақтас республикалар өз егемендігін жариялай бастаған болатын. Қазақстан да сол тарихи үрдістен тыс қалған жоқ.
Осылайша, 1990 жылғы 25 қазан – ел тарихындағы тәуелсіздікке алғашқы нақты қадам жасалған күн болып саналады.
1995 жылғы жаңа Конституция қабылданғаннан кейін мерекелер жүйесі қайта қаралып, біраз уақыт бойы бұл күн ресми мерекелер тізімінен алынып тасталды. Алайда халық жадында, әсіресе тарихшылар мен зиялы қауым арасында 25 қазанның тарихи мәні ешқашан ұмытылған жоқ.
Ал 2022 жылы маусым айында Қасым-Жомарт Тоқаев Ұлттық құрылтай отырысында Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынып, шешім қоғам тарапынан зор қолдау тапты.
Ұлттық мерекелер мен атаулы күндер тізбесіне бірқатар өзгеріс енгізген жөн. Мен Республика күніне ұлттық мереке мәртебесін қайтаруды ұсынамын. Сондықтан, қазанның жиырма бесі күні жыл сайын Егемендік күнін еліміздің басты мерекесі ретінде атап өтуіміз керек.
1990 жылы 25 қазанда Қазақстанның егемендігі туралы декларация қабылданды. Бұл еліміздің тәуелсіздік жолындағы тұңғыш қадамы болатын. Осы құжатты қабылдаған кезде тұңғыш президент Нұрсұлтан Назарбаев аса маңызды, тіпті шешуші рөл атқарды. Республика күні елдің мемлекет құру жолындағы тарихи қадамының символы болуы керек.
Әрине, Тәуелсіздік күнінің бастапқы мәні сақталады. Бұл күн мемлекеттік мереке болып қала береді. Бірақ тәуелсіздік алуға зор үлес қосқан ұлттық батырларымызға тағзым күні ретінде атап өтілуі керек, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Нәтижесінде, 2022 жылы қыркүйек айында Парламент «Қазақстан Республикасындағы мерекелер туралы» Заңға түзетулер енгізді. Құжатқа сәйкес, Республика күні мерекеге айналды.
Мемлекет басшысы оған «ұлттық мереке» мәртебесін берді.
Бүгінде Республика күні – тек тарихи дата емес, елдің жаңару мен даму жолындағы бірлігін дәріптейтін күн.
Мереке аясында еліміздің түкпір-түкпірінде салтанатты жиындар, патриоттық акциялар, ғылыми-практикалық конференциялар, мәдени іс-шаралар ұйымдастырылады.




