Осы уақытқа дейін Шығыс Қазақстан облысы әкімінің орынбасары болған Ербол Нұрғалиев енді қызметін Құрылтай депутаты ретінде жалғастырады, деп хабарлайды F16.kz.
Ербол Жолдасбекұлы әлеуметтік желідегі парақшасында өңір тұрғындарына алғыс білдіріп, өңірдегі қызметін сәтті аяқтағанын жазды.
Осы өңірде елге қызмет етіп, халықпен бірге жұмыс істеген кезең мен үшін үлкен өмір мектебі, зор жауапкершілік әрі жүректе сақталатын ерекше белес болды. Бірге атқарған әрбір істің артында халықтың сенімі, ел азаматтарының қолдауы, ақсақалдардың батасы, тұрғындардың ұсынысы мен тілегі тұрды. Қуанышты сәттерде бірге қуанып, күрделі мәселелерде бірге шешім іздедік. Осы жолда маған көрсеткен қолдау мен сенім үшін облыс әкімі Нұрымбет Аманұлы Сақтағановқа, барша әріптестеріме және берекесі артқан Шығыс жұртына шын жүректен алғыс айтамын. Атқарылған жұмыс – бір адамның емес, барша елдің ортақ еңбегі. Сол еңбекте әр азаматтың үлесі бар, – деп жазды ол.
Ербол Нұрғалиев облыс әкімінің орынбасары қызметінде қоғаммен байланыс, жастар саясаты, мәдениет, спорт және өңірдің қоғамдық өміріне қатысты өзге де бағыттарға жетекшілік етті. Сонымен қатар тұрғындармен және қоғамдық ұйым өкілдерімен тұрақты түрде кездесулер өткізді.
Енді ол бұл жұмысты республикалық деңгейде жалғастырмақ.
Алдағы уақытта да Шығыс Қазақстанның өсіп-өркендеуіне адал қызмет етуге уәде беремін. Құрметті жерлестер, сенімдеріңіз бен қолдауларыңыз үшін мың алғыс! Әр шаңыраққа амандық, береке мен бақ тілеймін, – деп түйіндеді Ербол Нұрғалиев.




