А.С. Пушкин атындағы облыстық кітапханада Республика күніне орай «Қыран елім – Қазақстан» атты жас суретшілердің облыстық байқауы өтті, деп хабарлайды F16.kz.
Өнер додасында «Pro ART» студиясының, №45 орта мектебі мен «Креативный ART» және басқа да сурет үйірмелерінің 21 қылқалам шебері өз туындыларын ұсынды.
Байқаудың мақсаты – жас ұрпақтың бойына отансүйгіштік сезім ұялату, бейнелеу өнері арқылы елдік құндылықтар мен тәуелсіздіктің рухын дәріптеу, шығармашылық қабілетті дамыту болды. «Менің Қазақстаным – бейбіт ел», «Тәуелсіздік – басты құндылығым», «Туған жерімнің табиғаты» және «Рухани жаңғыру: дәстүр мен болашақ» тақырыптары бойынша жұмыстар қабылдадық, — дейді ұйымдастырушылар.
Байқау нәтижесі төмендегідей:
Бас жүлде – Алтай Амина
1-орын – Пайзрахманова Жанайым
2-орын — Мукашева Маржан және Асланқызы Алима
3-орын – Липина Милана және Алтаев Нұрсұлтан.
Сонымен қатар, «Жас қылқалам шебері» арнайы жүлдесімен Жәнібек Мәди, «Ең үздік патриоттық сурет» арнайы жүлдесімен Темірбекова Арайлым марапатталды.
Марапаттау сәтінде үздік шыққан қатысушыларға диплом мен сыйлықтар табысталды.




