Төр Алтайда фототұзаққа түскен қар барыстарының саны төртеу емес, бесеу екен. Бұл туралы Аршаты орманшылығының қызметкері Жомарт Аманбаев F16.kz тілшісіне айтып берді.

Катонқарағай мемлекеттік ұлттық табиғи паркі Аршаты орманшылығының Сарыбет мекенінде алғашқы рет қар барысы үш аланымен бейнетаспаға түсті. Оған қоса барыстың еркегі де назарға іліккен. Сонда Сарыбетте таспаға жазылған барыстардың жалпы саны бесеу болды. Бұған дейін өзге БАҚ-пен бірге біз де «Төр Алтайта төрт барыс кадрға түсті» деп жазған едік.
Дәл сол сәттегі эмоцияны сөзбен айтып жеткізу қиын. Оны тек сезіну керек. Сол жерде болу керек. Сарыбеттің басында фототұзақты ашқанда қасымда Болат деген инспектор болды. Қуаныштан қол шапалақтап, айғайлап жібердім. Мұндай жағдай жалпы Қазақстанда болмаған. Былтыр екі күшігін ерткен бір барыс түскен, одан көп кездескен жоқ, – деді Жомарт Аманбаев.

Орманшы фототұзақ құру көпшілік ойлағандай оңай емес, машақаты көп шаруа екенін айтады. Бұл жолы құрылғыны ол бірге жұмыс істейтін М.Омаров, Б.Божанақов, Ә.Құмарбеков есімді инспекторлармен бірге барып орнатыпты.
Кейбір адамдар фототұзақты тасқа апарып байлай салғанда тұрған не бар деп ойлайтын шығар. Бірақ оны құрудың қиындығы жетерлік. Баратын жігіттерге бір күн бұрын ескертіп, ертеңінде таңғы алтыда жолға шығамыз. Өзіммен бірге екі немесе үш адам ертемін. Өйткені етектегі аттардың қасында біреуі қалуы керек. Қыстыгүні жылқылар ширығып, оқыс болуы мүмкін. Қалғаны менімен тауға көтеріледі. Оларға фототұзақты баптауды, қуатын тексеріп, қалай орнатуды көрсетемін. Жастар бәрін үйреніп, қыр-сырын меңгеріп жатыр, – деп әңгімесін жалғады Жомарт орманшы.

Ауылдан шыққан шағын топ шамамен 3 сағаттай жол жүріп, Қорал деген жерге жеткенде бір тыныстап алады. Аз уақыт аялдап, жүрек жалғаған соң төңіректі дүрбімен бір шолып, ары қарай сапарды жалғастырады. Сарыбетке жеткенде орманшылар аттан түсіп, тауға шығуға ыңғайлы киім киеді. Бір адам жылқыларға ие болып етекте қалады. Қалғандары Алтайдың асқақ шыңдарына маңдай тіреп «көкке өрмелейді».

Аяққа таға киіп алып шығамыз. Асықпай жүргенде Сарыбеттің басына дейін 2-2,5 сағатта ілінеміз. Межелі жерге жеткенде фототұзақтардың қуатын тексереміз, таусылып қалса басқасын саламыз. Батарея ауыстырғанда құрылғының баптауы, яғни уақыты, кадрлардың сапасы бәрі өзгеріп кетеді. Оны қайта реттеп, флэшкасын ауыстырамыз. Айналаны шолып, аңдардың ізі бар ма тексереміз. Содан кейін кері қайтамыз. Таудан түсу бір қиямет. Жоғары шыққанда 2,5 сағат жүрсек, етекке 3 сағатта әрең түсеміз. Аяғың сіресіп, талып қалады. Төмен түскен соң бір бойды жылытып бір шай ішеміз де кешкі 7-лер шамасында ауылға тоқтаймыз. Орманшының бір күні осылай өтеді, – деді Жомарт Аманбаев.
Осындай қажырлы еңбек пен төккен тердің арқасында қазір Төр Алтайдың қойын-қолатында аң-құстар алаңсыз тіршілік етіп, көбейіп жатыр. Әсіресе, қар барысы сияқты әлемде сирек кездесетін бекзат аңдардың төрт-бестен жүруі ұлттық парк аумағында қорғау шаралары дұрыс жолға қойылғанын, бақылап зерттеу жұмысы нәтижелі атқарылатынын көрсетеді.




