Шығыс Қазақстан облысында ерлі—зайыптылардың ажырасуы азаймай тұр. Көрсеткіш республикалық деңгейден де жоғары. Ресми деректер былтыр облыста шаңырағы шайқалған отбасылар саны некеге тұрғандардың жартысына тең болғанын көрсетті, деп хабарлайды F16.kz.
Ұлттық статистика бюросы 2025 жылғы халықтың табиғи қозғалысының жалпы коэффициентін шығарды. Статистикалық мәліметке сүйенсек, елімізде мың адамға шаққанда ажырасу коэффициенті 2,24 болған, ал Шығыс Қазақстанда ол – 3,15. Шығыс өңірінің алдында тек Павлодар (3,43), Қарағанды (3,41) және Солтүстік Қазақстан (3,28) облыстары жайғасқан.
Неке қиғандарға келсек, Шығыс Қазақстанда былтыр отбасын құрғандар коэффициенті 6,27 (мың адамға шаққанда) болған. Бұл – ел өңірлерінің ішіндегі екінші көрсеткіш. Дегенмен статистикалық деректерге қарасақ, дәм-тұзы жараспаған жұптардың саны шаңырақ көтергендердің тең жартысына жеткенін байқаймыз.
Психоанализ бағытындағы психолог Зарина Қаһарманның пікірінше, бүгінде ажырасып жатқан ерлі-зайыптылардың дені тоқсаныншы жылдардың тоқырауында дүниеге келген ұрпақ.
Ол кезде ер адамдар күйзеліске түсіп, әйелдер базар жағалап, ала дорба арқалап кетті. Ешкімнің жан дүниеге үңілетін уақыты болған жоқ, мақсат — бала-шағаны асырау. Бұл көрініс «Құшақташы, мама» фильмінде анық сипатталған. Қазір отбасын құрып, балалы-шағалы болып жатқандардың көбі тоқсаныншы жылдары туып, ата-ана махаббатын жеткілікті деңгейде көре алмаған отбасылар. Мысалы, әкесінің анасына гүл сыйлағанын, қиын кезде оны қалай жұбатқанын көрмеген бала, ертең өзі үйлі болғанда әйеліне солай құрмет көрсетуі екіталай. Ал оның әйелі өз әкесінен ала алмаған махаббатты, назарды, сыйлықты күйеуінен күтеді, – дейді психолог.
Зарина Қаһарман ажырасуға ерлі-зайыптылардың бейсаналы қалауы әсер ететінін де жоққа шығармады. Маманның айтуынша, адам өмірін көп жағдайда бейсаналы қалау басқарады, оны өзгерту үшін бейсаналы қалауды санаға шығарып, түсініп алу керек.
Мәселен, бір әйел күйеуінен ажырасқысы келеді, саналы себебі – ол табыс таппайды, ішеді. Бейсаналы себебі – оның өз әкесі де ақша таппаған, ішкен. Осындай жағдайды бастан кешірген анасы ажырасқысы келсе де шыдаған. Кейін қызы да миллион жігіттің ішінен бейсанасында қалған бейнеге сәйкес адамды кездестіріп, анасы тәуекел ете алмаған ажырасуды жүзеге асырғыңыз келуі мүмкін. Бұл әрине адамның санасына сыймауы мүмкін, бірақ терең талдау жасағанда көп жағдайда солай болады, – деп қосты Зарина Қаһарман.
Қазір қоғамда отбасының шырқы бұзылуына әлеуметтік желілердің де әсері бар деген пікір жиі айтылып жүр. Бірақ мамандар оны басты себеп ретінде қарастырмайды.
Орталық Азия елдерінде, соның ішінде Қазақстанда адамдардың көбі әлеуметтік желілерде бақытты көрініп, шынайы өмірде бақытсыз. Танымал адамдар, блогерлер ажырасқан кезде «Неге олай болды? Кеше ғана бақытты еді ғой. Көз тиді ме, сөз тиді ме?» деп жатады, ал шын мәнінде ажырасу бір күнде болатын нәрсе емес. Біз сыртқы атрибутты ғана көреміз, ал экранның арғы жағында неше түрлі жағдай болып жатады. Әлеуметтік желілерде өзгенің бақытына таңдай қағып, бір-біріне берген сыйлықтарына қызығатын, қызығып ғана қоймай дау-дамау шығаратын жағдайлар да болады әрине. Бірақ бұл отбасыларды әлеуметтік желі бұзады деген сөз емес. Әр адамның жауапкершлілігі өзінде. Сондықтан бұл ретте ең әуелі жұрттың қалауы мен өз қалауын, жұрттың сезімі мен өз сезімін ажыратып алуы керек, – деді психолог.
Орталық Азия психоанализ институтының директоры, психоаналитик Анна Құдиярова адамдарда психологиялық мәдениет қалыптаспауы да ажырасуға әкеліп соғатын факторлардың бірі екенін атап өтті.
Отау құрығысы келетін жастарға алдын ала психологиялық тренинг, сабақ, дәрістер өткізіп, оларды отбасылық өмірге даярлау керек. Психологиялық сауаты мол ерлі-зайыптылар ешқашан ажырамайды. Ажырасса да үйленбей тұрып екі жаққа кетеді. Шаңырағы шайқалатындардың дені өмір мектебінен өтпеген, психологиялық мәдениеті төмен жандар. Жалпы, адамға аздап нарциссизм керек. Бірақ ол саналы болуға тиіс. Өйткені өзін сүймеген адам өзгені де сүйе алмайды. Ертең ол жұбайын да, баласын да сүйе алмайды, – деді ол.
«Бүгін LIVE» бағдарламасында қонақта болған әлеуметтанушы Ақнұр Иманқұл неке жібінің үзілуіне басты себептің бірі – қаржылық проблемалар екенін айтады.
Жалпы, ажырасуға апаратын ең басты фактордың бірі – әлеуметтік-экономикалық мәселелердің шешілмеуі, тұрғын үй проблемасы сияқты өмірлік қиындықтар. Сот мамандарының айтуынша, көп жұптар «өзара келісе алмадық» деген себепті алға тартады. Бірақ бұл формалды тұжырымның астарында түрлі жағдайлар жатады, — дейді маман.
Әлеуметтанушының айтуынша, ажырасудың жиілеуі демографияға да кері әсер етіп, отбасы институтын әлсіретеді.
Ажырасудың көбеюі елдің демографиялық жағдайына теріс әсер етеді. Ең бастысы – бұл баланың тәрбиесіне, психологиялық дамуына зиян тигізеді. Зерттеулер көрсеткендей, ажырасудан кейін ең жиі кездесетін салдар – ерлі-зайыптылардың бірінің депрессияға түсуі және әлеуметтік-экономикалық қиындықтардың күшеюі. Екінші кезекте – баланың психологиялық, тұлғалық дамуының бұзылуы. Мысалы, сот қалай өтті, ерлі-зайыптылар өзара мәмілеге келді ме, жоқ па, ажырасу жанжалмен өтті ме – осының бәрі баланың тағдырына әсер етеді. Балаға қатысты шешім келісіп қабылдана ма, әлде біреуі қарсылық білдіре ме? Әке баласымен байланыста қала ма, жоқ па? Өкінішке қарай, бізде алимент төлемейтін, баласын көруге құлықсыз әкелер де бар, — деді Ақнұр Иманқұл.
Шығыс Қазақстанда ажырасу көрсеткіші республикалық деңгейден жоғары болып, былтыр неке құрғандардың шамамен жартысына жуығы ажырасып кеткен. Мамандар бұған 90-жылдары өскен ұрпақтың отбасылық тәрбие мен ата-ана мейірімін толық көрмеуі, бейсаналы психологиялық жағдай, қаржылық қиындықтар және психологиялық мәдениеттің төмендігі сияқты факторлар әсер ететінін айтады. Сондай-ақ әлеуметтік желілердің де жанама әсері болатынын ешкім жоққа шығармады. Ал мұның соңы қоғамға, әсіресе балалардың психологиялық дамуына және елдің демографиялық жағдайына кері ықпал етіп жатыр.




