ШҚО әкімі Үлкен Нарын ауданына жұмыс сапары барысында құрылысы ұзаққа созылған бассейн ғимаратына барып, нысанды биыл аяқтауды тапсырды, деп хабарлайды F16.kz.
Бір уақытта 40 адамды қабылдай алатын заманауи спорт нысанының құрылысы 2021 жылы басталған. Алайда мердігердің жауапсыздығынан құрылыс аяқсыз қалды. Қазір жаңа мердігер ұйыммен меморандум жасалып, жұмыс басталған.
Бұған дейінгі мердігер «QazConstructions» ЖШС-мен келісімшартты бұзу жөнінде сот процесі жүріп жатыр. Жаңа мердігер ұйым «Элхон» ЖШС-мен меморандум жасалды. Құрылысшылар дайындық жұмыстарын бастап кеткен. Қазір қажетті құрылыс материалдарын сатып алу процесіне кірісті, — деп хабарлады облыс әкімінің баспасөз қызметі.
Айта кетейік, аталған нысан «QazConstructions» ЖШС салдарынан тұралап қалған жалғыз құрылыс емес. Өткен жылдың соңында ҚМА Шығыс Қазақстан облысы бойынша департаменті мердігер компания басшылығына қатысты сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталғанын мәлімдеген болатын. Белгілі болғандай, аталған компания өкілдері Шығыс Қазақстан және Абай облыстарының 7 ауданында 11 әлеуметтік нысанның құрылысына бөлінген бюджет қаражатын жымқырды деген күдікке ілінген. Қылмыстық әрекет салдарынан төрт дене шынықтыру-сауықтыру кешені мен 20 мыңнан астам адам тұратын жеті ауылды сумен қамтамасыз етуге арналған су құбыры желілері пайдалануға берілмеген. Жымқырылған қаржының жалпы көлемі 2 млрд теңгеден асады.
Аймақ басшысы халық көпткен күткен Үлкен Нарын ауданындағы бассейн құрылысын қыркүйек айына дейін толық аяқтауды тапсырды.




