Күзгі жиын-терімде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Бұл туралы Ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің ІІІ форумында Мемлекет басшысы қасым-Жомарт Тоқаев айтты.
Ең алдымен, кәсіби мереке баршаңызға құтты болсын дегім келеді. Бұл — мән-маңызы ерекше оқиға. Себебі ауыл шаруашылығы — ел экономикасы үшін стратегиялық маңызы айрықша сала. Бүгінде жыл сайынғы дәстүрге сай мемлекетіміздің аграрлық ахуалын талқылау үшін арнайы жиналып отырмыз. Алқалы жиынға еліміздің әр аймағынан келген білікті мамандар, диқандар, шаруалар, бір сөзбен, еңбек адамдары қатысып отыр. Сондықтан бұл форумды жалпыұлттық ауқымдағы нағыз елдік басқосу десек те қате болмас, — деді Президент.
Мемлекет басшысының атап өтуінше, бүгінгі форумда су ресурстарын үнемдеу, жайылымдық жерлерді тиімді пайдалану, ауыл еңбеккерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту және басқа да өзекті мәселелерге қатысты маңызды пікірлер, ұтымды ұсыныстар айтылды. Үкімет және құзырлы министрлік осы мәселенің бәрін міндетті түрде назарға алуы керек.
Баршаңызға мәлім, бүгінде ауыл шаруашылығы мамандары ауыл әлеуетін арттыруына, тұтас мемлекетіміздің өсіп-өркендеуіне мол үлес қосуда. Сіздер ата кәсіпті абыроймен атқарып, ұлтымыздың игілігін еселеп жүрсіздер. Ауа райы қолайсыз болғанына қарамастан, биыл да ел қамбасы астыққа толды. Күзгі жиын-терімде еліміз бойынша 24,5 миллион тонна дақыл жиналды. Егіннің бітік болуы — молшылық пен тоқшылықтың кепілі. Бұл еліміздегі шаңырақтар ырысқа кенеліп, дастарқанымыз берекелі болады деген сөз. Мен бүгін диқандар қауымына және осы салада еңбек етіп жүрген барша азаматқа алғыс айтамын, — деді Қасым-Жомарт Тоқаев.




