Шығыс Қазақстан облысында мемлекеттік сатып алу саласына қатысты резонанс тудырған сот ісі аяқталып, нәтижесінде кәсіпкердің құқығы қорғалды, деп хабарлайды F16.kz.
Сотта мемлекеттік орган мен өңірдегі футболды дамыту бағытында бірнеше жыл бойы қызмет көрсетіп келген спорт клубы арасындағы даулы мәселе қаралды. Аталған ұйым ұзақ уақыт бойы келісімшарт міндеттемелерін адал орындап қана қоймай, жастар командалары арасында республикалық деңгейде чемпион атанып, жоғары нәтижеге қол жеткізген.
Алайда жаңа конкурс жарияланғаннан кейін жағдай күрт өзгерген. Конкурс талаптары бұрынғы жеткізушінің қатысу мүмкіндігін шектейтіндей етіп жасалып, кейін мемлекеттік мекеме тарапынан ірі көлемде қаржы өндіру және компанияны жосықсыз деп тану туралы сот талаптары қойылған.
Бизнес өкілі Шығыс Қазақстан облысының кәсіпкерлер палатасына жүгінген. Ұйымның заңгерлері іс материалдарын жан-жақты зерделеп, мемлекеттік сатып алу және азаматтық заңнама нормаларына негізделген құқықтық ұстаным қалыптастырды.
Сот талқылауы барысында компанияның келісімшарт бойынша барлық міндеттемелерді толық орындағаны анықталды. Сонымен қатар есептік құжаттар уақтылы тапсырылып отырғаны, ал нақты шығындардың келісімшарт сомасынан асып түскені белгілі болды. Бұл жеткізушінің адал қызмет еткенін дәлелдей түсті. Бұдан бөлек тапсырыс беруші талап еткен кейбір құжаттардың келісімшартта нақты көрсетілмегені де назарға алынды.
Істі қараған түрлі сот сатылары, соның ішінде апелляциялық алқа да кәсіпкердің ұстанымын қолдады. Нәтижесінде мемлекеттік органның талап-арыздары қанағаттандырусыз қалдырылды.
Жалпы сомасы 1,1 млрд теңгеден асатын талаптардан бизнесті қорғап қалу – бұл істің ауқымы мен маңызын айқын көрсетеді.
Өңірлік кәсіпкерлер палатасының мәліметінше, бұл жағдай бизнес қауымдастық үшін үлгі боларлық кейс ретінде бағаланып отыр. Ол күрделі әрі ұзаққа созылған сот процестерінде де білікті құқықтық қолдаудың арқасында кәсіпкерлер өз құқығын тиімді қорғай алатынын дәлелдейді.




